Бюджеттің миллиардтары бөлінген мемлекеттік бағдарламалар құрдымға кетіп жатыр
Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды игере алмай, шетінен құрдымға жіберуде. Салдарынан бюджеттің миллиардтары талан-таражға түсіп, жоқ болған. Бұған арнайы зерттеу жүргізген Коммунистер партиясы көз жеткізіпті. Сөйтіп, қазынаның қыруар қаржысын ысырап қылған министрліктер мен әкімдердің қара тізімін жасаған.
Автор: Жәудір Оразхан
31.10.2014
Коммунистер әсіресе Ауыл шаруашылығы министрлігіне қатты шүйлігіп отыр. Өйткені, қазір «Агробизнес-2020» бағдарламасы мүлдем жұмыс істемейді, тоқтап қалған. Ал, аймақтардағы шаруалар болса, жеңілдетілген несиеге қолы жетпей, қор болып жүр. Нанын қара жерден тауып отырған диқандардан жергілікті шенеуніктер ашық түрде пара сұрайды екен. Ол аздай ауыл шаруашылығын дамытуға деп бюджеттен бөлінген бар қаржыны атқамінерлер таныс-тамырларына үлестіріп жіберген көрінеді. Коммунистердің айтуынша, әлеуметтік бағдарламалар да шетінен тұралап тұр. Мәселен, жұртты таза сумен қарық қыламыз деген ұранмен басталған «Ақ бұлақ» бағдарламасы сиырқұйымшақтанып, соңында аяқсыз қалған.Енді партия жүгенсіз кеткен министрлер мен әкімдердің бар былығын жазып, премьер-министрдің атына хат жолдамақ. Сөйтіп шенеуніктердің шетінен жазалануын талап етпекші.
Жамбыл Ахметбеков, Қазақстанның халықтық Коммунистік партиясы орталық комитетінің хатшысы:
-Астананың маңындағы Рахымжан Қошқарбаев ауылында су құбырын жүргізген кезде сапасы төмен материал пайдаланылған. Су құбыры істемей қалды. Енді қайтадан бюджеттен қосымша қаржы бөлу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!