Семейде тоңған тұрғындар облыс әкімінен араша сұрады
Семей тұрғындары шаһар басшысының үстінен шағым жазбақ. Жұрттың бұлайша даурығуына тағы сол қат болған жылу мәселесі. Қыс бойы баспаналарында бүрсең қағып жүруден жалыққан азаматтар жаңадан тағайындалған облыс әкімі Даниал Ахметовтен көмек болар деген үмітте. Әйтпесе қала шенеуніктері коммуналдық салада тәртіп орната алмай отыр деп ашынады, Ертістің сол жағалауындағы бірнеше көпқабатты үй тұрғындары.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
02.12.2014
Цементшілер ықшамауданың тұрғындарының жылу маусымы басталғалы мазасы кеткен. Қақаған аязда баспаналары жылынбай, жұрттың ашуы қызған. Жауаптыларға айтылған шағым әдеттегідей нәтиже бермеді деп отыр. Қыс енді басталса да, мұндағы пәтерлерде сынап бағаны15 градустан көтерілмеген. Бірі жылытқыш құрылғыларды қосса, енді бірі қымтанып амалдауда.
Ержан Қабышев, Семей қаласының тұрғыны:
-Жай киіммен отырғанның өзінде тоңып отырасың. Менде 4 бөлмелі пәтер. Подача ыстық, обратка салқын. Үй жылымайды мүлде. Отыруға болмайды!
Тұрғындар жылу далаға кетіп жатыр деген сенімде. Себебі көшедегі құбырлар дұрыс қапталмаған. Жұрт «бұған жылы кабинеттерін тастағысы жоқ шенеуніктер кінәлі» деп отыр.
Әбілқайыр Әмірғалинов, Семей қаласының тұрғыны:
-Шықпайды ғой бірде-біреуі! Халық керек жоқ оларға! Оларға мынау болса болды міне! Шаршадық!
Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары жылу бекітілген тәртіпке сай жеткізілуде деп міз бақпай отыр. Десе де, жұрттың шағымы негізінде жақын арада тексеру жүргізбек.
Жанна Шаймұратова, Семей қалалық тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Арнайы комиссия құрып, тұрғынүйлерді тексеретін боламыз. Алдын ала болжам бойынша, үй ішіндегі желілерде ақау бар. Себебі жылу жеткізу көрсеткіштері бүгінге дейін ауытқыған жоқ.
Ал тұрғындардың қолындағы мәліметтер мүлдем бөлек. Айтуларынша, жылу қалыпты межеден әлдеқайда төмендетіліп жеткізілген.
-Жылда жылуға жарымаймыз деген жұрт облыс әкіміне петиция жолдамақ ниетте. Қазір белсенділер құжатқа қол жинау үстінде. Жақында тағайындалған Даниал Ахметовтен олар қала әкімі мен коммуналшыларға шара қолдануды талап етпек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары