Зеренді орманын отауға тұрғындар қарсы шықты
Ақмола облысындағы Зеренді орманына балта шабылды. Мыңдаған гектар алқаптағы жасыл желекті аяусыз отап жатқандарды көрген тұрғындар оларға тосқауыл қоюға тырысуда. Бірақ бұл тоғайды 49 жылға жалға алған серіктестік жұрттың қарсылығына қарайтын емес. Көпжылдық теректерді де, жас қайыңдарды да құлатып жатыр. Ал осы бассыздыққа құзырлы органдардың көз жұма қарап отырғанына халық ашулы.
Автор: А.Тұрғынбекқызы.
05.12.2014
80 түтіні бар Ортағаш ауылы, атауы айтып тұрғандай, қалың орманның қақ ортасында орын тепкен. Аяқ астынан әлдекімдер келіп жасыл желекті шетінен құлата бастағалы мамыражай ауылдан маза кетті.
Асқар Әбжанов, Ортағаш ауылының тұрғыны:
- Міне, үлкен ағалар тұр. Кім белгі соқты? Кім отап жатыр? Ешкім айтпайды. Ешкім санаспайды елдің кісілерімен. Санасып біреу айтса, көтерілсек әкім келеді де, ақырын майдалап басып салады. Ойбай солай, тынышталыңдар ел болыңдар деп.
Сұлап жатқан ағашта сан жоқ. Бір кездері өз қолдарымен отырғызған орманды әлдекімдердің бұлай ойрандауына жол бермек емес тұрғындар. Бұл жағдайдан ауыл әкімі де хабардар. Бірақ оның жауабы дайын.
Теміртас Ахметбеков, Қызылегіс ауылдық аймағының әкімі:
- Мен бұл мәселені көтергем. Орман шаруашылығы басшысымен кездестім. Бұл өзі Үкіметтің бағдарламасы екен. Бағдарлама бойынша ағаш өсіп жетілгенде белгілі бір жасқа келгенде ол ағашты қырықса тамыры мықты болып өсіп шығады екен. Маған солай түсіндірді.
Темірбек Есентаев, Ортағаш ауылының тұрғыны:
- Жоқ. Бұлар сылтау табады.Балық сияқты жылт- жылт етіп шығады.Оның арасынан қарт қайыңдарды жығу керек қой. Жаңа өсіп келе ме, терек пе, қарағай ма.
Расымен, ағаштарды кескенде таңдап жатқан ешкім жоқ. Тұрғындардың айтуынша, «Кіші Түкті» орман шаруашылығының жұмысшылары жаздай бұл ағаштарды кесіп, қалаға апарып сатқан. Шаруашылық басшысы болса, мұны жоққа шығарып әлек.
Сүйіндік Исабеков, «Кіші Түкті» орман шаруашылығының директоры:
- 1 гектар кессе, 2 гектар отырғызады. Қайыңды 60 жыл артық, Қарағайды 140 жыл болса кесеміз.
- Мектепте істеп жүргенде еккенбіз. Мен 56 жастамын. Сонда 120 жыл болып қалып па?!
Директордың айтуынша, 11 мың гектар алқап «Орман аймағы» серіктестігіне мемлекеттік бағдарлама бойынша 49 жылға жалға берілген. Олар ағаштарды іріктеп, кәрісін кесіп, орнына жас тал егіп, орманды жаңғыртуы керек. Бірақ бұл бастамадан жұрт шошынып отыр. Өйткені серіктестік маңайдағы қарағайлы жас орманды да отайтынын білдіріп, белгі қойып кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!