КТК-дан көрсетілетін эксклюзивті фильмнің қызықты сәттері
Теңізге тура жол! КТК әзірлеп жатқан осы жаңа фильмнің тұсаукесеріне санаулы күндер қалды. Бүгін назарларыңызға түсірілім кезіндегі қызықты оқиғалар, көпшілікке көрсетілмейтін, яғни кадрдан тыс қалған сәттерді ұсынамыз. Сондай-ақ, қазақ жеріндегі қайта жаңғырып жатқан Ұлы Жібек жолының қызу құрылысымен де танысасыздар.
Автор: Жәудір Оразхан
08.12.2014
Әріптесіміз құрылысы қызу жүріп жатқан жаңа Жібек жолының бойында жүр. Түсірілім барысында фильм авторы толарсақтан саз кешті, ой-шұңқырды аралап, шақырымдарды жаяу жүрді. Осылайша түсірілім тобы атақты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасының қалай салынып жатқанын көзбен көрді, тіпті жол құрылысының көпке жариялана бермейтін құпияларымен жақын танысты.
- Ал, кеттік, ал! Ярослав, Нұрболатқа қарап сөйлейсің.Баста.
Еліміздегі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасының құрылысы аяқталып келеді. Батыс пен шығысты байланыстырып тұрған көлік дәлізінің ұзындығы сегіз жарым мың шақырым. Оның үш мыңға жуығы Қазақстанға тиесілі. Бүгінде Жібек жолы теміржол арқылы да қайта жаңғыруда. Содықтан түсірілім тобының назарынан шалғайдағы шойын жолдар мен ірілі-ұсақ станциялар да тыс қалмады. Солардың бірі – Жезқазған өңірі.
Мақсұт Қажы Шакен, Жезқазған аймағы бойынша Қарағанды темір жол бөлімі директорының орынбасары:
-Теміржол деген – өмір, тұрғындардың тынысы. Өйткені, дәл осы жазық далада қимылдаған адам баласы көрінбейтін. Ал, қазір өзің қарашы, аймақта құрылыспен қатар тіршілік пайда болды. Кезінде ата-бабаларымыздың жоңғарлармен шайқасқан жерінде қазір біздің темір жолымыз жатыр.
Жалпы, Қазақстанның 15 мың шақырымға жуық темір жолы бар. Қазір біз Астанаға алып келетін дәлізде тұрмыз. Бұрын жұрт Елордаға Ресей арқылы бірнеше күнде жеткен екен. Бүгінде бас қаламыз еліміздің түкпір-түкпірін байланыстырып тұрған тоғыз жолдың торабына айналған. Соған сай қашықтық та сан сағаттарға қысқарып отыр. Дәл осы рельстер арқылы тәулігіне бес мыңға жуық жолаушы еркін қатынайды. Сондай-ақ, халықаралық және ішкі бағытта тонналап жүк тиеген пойыздар жүйіткуде.
Дәл осындай темір жолдар арқылы бүгінде Қазақстан Қара теңіз, Сары теңіз бен Балтық теңізіне шыға алады. Енді міне, жуырда ғана іске қосылған Қазақстан- Түркменстан-Иран халықаралық шойын жол арқылы Парсы шығанағын бағындыруға да мүмкіндік туып отыр.
КТК түсіріп жатқан фильмде қазақ жерінде мыңдаған шақырым көлік, темір жолдардың қалай пайда болғаны, мұхиттан әлдеқайда алшақ орналасқан еліміздің төрткүл дүниедегі бүкіл теңізді нендей әдіспен бағындырғаны, осы мақсатқа жету үшін Елбасы кімдермен келісімдер жүргізгені жіті баяндалады. Тың туындының тұсау кесерін КТК арасынан күтіңіздер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!