Ақтөбеде күнкөріс деңгейі тұрғындардың күлкісін келтірді
Ақтөбеде айына 16 мың теңгеге күн көруге болады екен. Статистика мамандары есептеп шығарған бұл шығынның ішіне азық-түліктен басқа, киім-кешек, тіпті коммуналдық қызмет құны да кіреді. Ал мұны естіген тұрғындар аң-таң. Себебі, соңғы айда азық-түлік тауарларының біршама қымбаттағаны белгілі.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.12.2014
Санмен сөйлейтін статистика департаментінің мамандары ақтөбеліктерді шүкіршілікке шақырып отыр. Олардың есебінше, мұнда айына 9 мың теңгеге тоя тамақ жеп, қалған 6-7 мыңды қажетіне жаратуға болады. Яғни Ақтөбеде бір ай өмір сүруге небары 16 мың теңге жетеді екен.
Айжан Қиясова, Ақтөбе облыстық статистика департаментінің жетекші маманы:
-Ақтөбе облысы бойынша бір айдағы күн көріс жалпы 16 мың 644 теңгені құрайды. Ер адамдарға 19 806 теңге, әйел адамдарға 15 728 теңге және зейнеткерлер мен қарт адамдарға 15 610 теңгені құрады.
Ең төменгі зейнетақы алатын Роза Құсайынова статистика мамандары саннан шатасқан болар деп күрсінеді. Себебі қолына тиетін 21 мың теңгесі ас-суына жетпеген соң, қосымша аула тазалауға мәжбүр. Айтуынша, қартайғанда асқа тәбеті шаппағынымен шал-кемпірдің шығыны көбейетіні бар. Дәрісінің өзі орташа есеппен 5-6 мың теңге. Ал статистердің зейнеткер үшін есептеген 15 мың теңге айлық шығынын әжей қияли әңгімеге балайды.
Роза Құсайынова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Бәрі қымбат. Дәрің қымбат, тамақ қымбат. Пәтерақының өзі 8 мың. Сонда не қалады арғы жағында? Оны қандай адам ойлап тауып отыр? Өкінішті, ыңғайсыз ғой, ұят қой. Обал ғой.
Расымен де айына құр су мен қара нан жегеннің өзінде статистика департаменті шығарған 16 мың теңге бір адамға жетпейді екен. Себебі күніне бір көмеш нан алғаннның өзінде айына оған кететін шығын 12 мың теңгеден асады.
-Ең қызығы, Ақтөбеде күнкөріске кететін шығын өткен аймен салыстырғанда, 10 пайызға азайған. Дәл осыны есептеп шығарған статистика департаментінің қызметкерлері керсінше азық-түлік бағасының қымбаттағанын да айтып отыр. Оның ішінде ұн мен күріш, сүт пен май, киім-кешектің де құны өскен. Сондықтан олардың қай санға сүйеніп санақ жүргізгеніне ақтөбеліктер таң.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!