Елімізде берешекті терминал арқылы төлеуге болады
Қарыздан қашып құтыла алмайсың. Елімізде берешегін өтемей жүргендерге арнап шекарада, әуежайда және теміржол вокзалдарында арнайы терминалдар орнатылмақ. Енді сол жерде тұрып салық, жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұл мен алиментті өтеуге болады.
Автор: Гүлнұр Имандосова
08.12.2014
Қарызға белшеден батып, өзге елге барудан қалғандар электронды аппараттар арқылы қарыздарын өтейді. Терминалдан алған түбіртек шекара қызметіндегілерге көрсетілгеннен кейін ғана төлқұжатқа мөр бастырылады. Берешегі бар азаматқа сонда ғана Қазақстаннан шығуға рұқсат етілмек. Қазіргі таңда елімізде шетелге шығуға тыйым салынғандардың саны 20 мың адамға жеткен. Олардың басым бөлігі өздерінің қарыз екенін шекарадан өтетін сәтте білдік деп ақталады екен. Сөйтіп туристік жолдамалары күйіп, сан соғып қалады. Қарызын өтемесе де, қыдыруға ақша табатындар демалыстары бұзылған соң шенеуніктерден терминал орнатуды сұрапты.
Бақытжан Әбдірайым, Әділет вице-министрі:
-Жаңа жылдан бастап шетелге шығатын жолдардың бәрі: әуежайлар, теміржол вокзалдары, тіпті автобекеттерге дейін арнайы терминалдармен жабдықталады. Бұл электронды құрылғы арқылы өзге елге шығып бара жатқан азамат қарызын біржола төлеп кетуіне болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!