Алматыда ата-ана ұлының сатыдан құлауына интернат басшылығын айыптады
Алматыда ақыл-есі кем оқушыларға арналған мектеп-интернатында оқыс оқиға! Данияр Дүйсебай есімді жарымжан бала сатыдан құлап, денесінің сау тамтығы қалмаған. Ата-анасы бұған интернат басшылығын кінәлауда. Айтуларынша, мүгедек баланы әлдебіреу 3-ші қабаттан итеріп құлатқан, ал басшылық сол болған жайтты жасырып отыр. Қазір тұла бойында сынбаған сүйегі жоқ бала өлім мен өмір арасында жатыр.
Автор: Досжан Маратұлы
08.12.2014
Данияр Дүйсебайдың «Жанұя» атты мектеп-интернатта білім алғанына 6 жыл. Мүгедек бала үнемі осында. Тек, демалыс күндері үйіне қайтып отыратын. Бірақ өткен сәрсенбі күні кешкісін 13 жасар жарымжан ұл сатыдан құлап кетіпті. Бірақ Даниярдың әкесі мектеп қызметкерлерінің бұл айтқандарына мүлде сенбей отыр. Яки, бала сатыдан емес, оны әлдебіреу балконнан итеріп құлатқан.
Ақып Дүйсебаев, Данияр Дүйсебайдың әкесі:
-Анау үшінші қабаттан балконнан құлаған. Мына жерге құлап түсіп, қан аққан. Тәрбиелеушілер көмек көрсетудің орнына мына жердегі қанды жуып, қылмысты жасырған. Сосын директор ешкімге айтпаңдар айтқан адам жұмыстан кетеді деп айтқан.
Әрі баланың әкесі «мектеп қызметкерлері жедел жәрдемді тек бір сағат өткеннен кейін ғана шақыртты» дейді. Ал, білім ордасының басшысы болса, тергеу жұмыстары аяқталмайынша түсінік беруден бас тартып отыр. Десе де,бала балконнан емес, өзі сатыдан құлағанына сенімді.
-Сіз маған жолықтыңыз ба бүгін?
-Мен сізге неге жолығамын?
-Сіз неге баланы құлатып тастап ұялмай тұрсыз. Сіз жауаптысыз. Түрмеден қашып маған ақша ұсынып отырсыз.
Ал, жоғарыдан құлап ауыр жараланған Данияр Дүйсебай қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның аурухана кереуетінде таңылған суреті міне. Денесінде сау тамтық жоқ. Дәрігерлер оның ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенін айтады.
Бақыт Қожаханов, Алматы қалалық балаларға шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігері:
-Бас сүйегі мен ми жарақатын алған. Тістері түсіп, аузынан қан ағыпты. Жағы сынған. Сол жақ қолы сынған. Ота сәтті жасалды. Қазір баланың жағдай қалыпты.
Толықтай сауығып шығуы үшін Данияр әлі кемі бір ай ауруханада болуы керек. Анасы да қазір жанын шүберекке түйіп отыр. Себебі, онсыз да ақыл-есі кем баланың ертеңгі күніне алаңдаулы.
-Аман -болсын деп 5 күн болды шапқылап жүрмін. Балам тұрып кетсін деп күнде уайым.
-Осылайша, Даниярдың ата-анасы ұлдарының сатыдан құлағанына сенбейді. Ақыл есі кем кенжемізді әлдебіреу балконнан құлатты деген олар кінәлілердің заң алдында жауап бергенін қалайды. Қазір Даниярдың тәрбиешісі уақытша қызметінен шеттетіліпті. Ал, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!