Елімізде ақтүтек боран әлі әуреге салып жатыр
Арқаның ақтүтек боранының беті қайтпай, елорда жұртын әбден әуре-сарсаңға салуда. Үскіріктен мектептегі сабақтар да тоқтап тұр.
Автор: Жәудір Оразхан
08.12.2014
Қар араласа ұйытқып соққан желден жол түгілі зәулім ғимараттар әзер көрінеді. Ақтүтектен көшелерде көлік қозғалысы қиындаса, бұрыш-бұрышта бүрсең қаққан адам. Боран әсіресе жаяу жүргіншілерді қатты әбіржітуде. Бет қаритын суықтан тұрғындар тұмшаланып әлек. Қала ішінде жүк көліктері қаптап кеткен. Арнайы техника жол жиегіндегі үйіліп қалған қарды тасып үлгере алмай жатыр. Күрек, сыпырғысын қолтықтаған мына жұмысшылар болса, таң алакеуімнен тыным тапай жүр. Желдің күрт күшеюіне байланысты Астанадағы мектептерде 1-4 сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылды. Елордада бүгін ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендейді деген болжам бар. Сондай-ақ, синоптиктер еліміздің оңтүстік, шығыс аймақтарында да күн күрт суып, табиғат тосын мінез танытады деп ескертеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!