Оралда ата-аналар құлағалы тұрған балабақшаның жабылуына қарсы шықты
Оралда апатты деп танылған балабақша жабылмақ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті әкімдікке ескерту хат жолдаған. Бірақ бұл жаңалық ата-аналарға төбесіне жай түскендей әсер етуде. Өйткені мекеменің жабылатыны жөнінде бес күн бұрын ғана хабар беріліпті. Енді жұрт бүлдіршіндерін қайда апарарын білмей дал.
Автор: Елгүл Нұғман
10.12.2014
«Орман ертегісі» деп аталатын 16-шы балабақшаның іргетасы 1961 жылы қаланыпты. Ескі ғимараттың қабырғасы қақырап, құлағалы тұр. Мекемені жақын арада жауып, күрделі жөндеу жүргізбекші екен. Бірақ бұның ертерек айтылмағанына ата-аналар наразы.
Марина Герцовская, Орал қаласының тұрғыны:
–Жоқ, жағдай қиын болса, әрине, бұған келісеміз. Көктемге қалдырмай қолға ала берсін. Бірақ жаздай қайда қараған? Балалар жаңажылдық шараға дайындалып жүр еді. Енді мерекенің алдында басқа бақшаға ауыстырмақшы.
Балабақшада Жаңа жыл мерекесіне дайындық өткен аптада ғана басталыпты. Бірақ дүйсенбіде келіп жеткен жаңалық жұрттың төбесінен түскендей болды. Енді бүлдіршіндерді мектеке дейінге басқа мекемелерге бөледі. Алайда олардың ала қоюы да екіталай.
Николай Ляховец, Орал қаласының тұрғыны:
–Басқа балбақшаға орналастыру жағы қалай болар екен? Оларда барлық топтар толып тұр. Жақын маңдағы мекемелерде орын жоқ.
Ал қалалық білім бөліміндегілер ата-аналардың наразылығына таң қалды. Мұндағылар баланың қауіпсіздігі басты назарда дейді. Көне ғимараттың құлағалы тұрғаны осыған дейін белгілі болған екен. Оны жабу туралы шешім 2 ай бұрын шыққанымен, хабар жақында ғана жеткен.
Клара Тоқсанбаева, Орал қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
–Шағын орталықтағы бір топ бала мектепке жіберіледі. Екі топтың тәрбиеленушілерін 49-шы бақшаға орналастырамыз. Қалған бүлдіршіндерді ата-аналары қайда апарам десе, өз еркі. Қысқасы, ешбір бала далада қалмайды.
Ғимаратты жөнеуге қазынадан 116 миллион теңге бөлінген. Шатырынан бастап кәріз жүйесіне дейін жаңартылмақ. Бірақ жан-жаққа тарыдай шашылғалы тұрған бүлдіршіндердің сүйікті орнына қашан оралары белгісіз. Балабақшаны жеделдетіп жапқанымен, жөндеу жұмыстары тез арада басталмайтын сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары