Оралда тұрғындарды алдап соққан алаяқтар сотталды
Оралда екі алаяқ 50 шақты адамды сан соқтырып кетті. Әккі сұғанақтардың арбауына түскен аңғал тұрғындар 5 миллион теңгені қолдарына ұстатқан.
Автор: Олжас Байжан
11.12.2014
Қылмыскерлердің екеуі де енді ғана 23 жасқа толған жігіттер. Біреуі осы уақытқа дейін 5 рет, ал сыбайласы 6 рет істі болып, абақтыға отырып шығыпты. Максим Киреев сценарий бойынша полицейдің рөлін атқарған. Ол жәбірленушілердің туыстарының қылмыс жасағанын, ал жазадан құтылу үшін тез арада ақша әкеп беруі керектігін айтқан. Бұл азамат тіпті тергеу қапасында, кейін колонияда жатып телефон соққан. Ал оның сыбайласы келісілген жерде ақшаны алып кетіп отырған. Бұл ақшаның басым бөлігі телефон бірліктерін толтыруға және түрмеде жатқан адамдардың тамағына кетіпті. Жасаған қылмысы үшін енді олар 5 және 6 жылға сотталып, дүние-мүлкінің барлығы тәркіленбек. Сонымен қатар сот қылмыстық-атқару департаментіне де қатысты қаулы шығарды. Себебі сотталушылар түрме аумағында ұялы телефондарды емін-еркін қолданып жүрген.
Гүлнар Ғимадутдинова, Орал қалалық сотының судьясы:
- Қоңыраудың барлығы түнгі уақытта жасалған. Яғни жәбірленушілердің ұйқыда жатқан сәтін пайдаланған.Олар тез арада ақша берсеңіз, туысыңыз жазадан құтылады депті. Оралдықтар не болғанын түсіне алмай, қолында бар дүниені өздері апарып берген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!