Петропавлда интернаттағы әлімжеттік үшін ата-аналар мен басшылық жаға жыртысуға дейін барды
Интернаттағы әлімжеттік үлкен айқайға ұласатын түрі бар. Бүгін Петпропавлда шу шыққан спорт мектебі басшылығы мен ата-аналар жаға жыртысуға дейін барды. Тілшілерді жинаған басшылар оқу орнында әлімжеттік атымен жоқ деп ақталмақ болған. Алайда мұны ата-аналар сол жерде жоққа шығарды. Естеріңізге салсақ, соққыға шыдамай сабақтан безгендерін өткен аптада жеткіншектердің өздері жайып салған. Спорт мектебінде қазір жан-жақты тексеру жүріп жатыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
11.12.2014
-Өтірік айтып жын ұрды ма? Қыркүйектен бері жүрмін ғой.Ақиқат іздеп.
Бүркітбай Сүлейменов интернат басшылығы баспасөз маслихатын жинап жатыр дегенді естіп әдейі келіпті. Өйткені тілшілердің көзінше өзін де, баласын да өтірікші қылып көрсетеді деп қорықса керек. Уайымы бекер емес екен. Жарты сағат шәкірттерінің жетістігін жырлаған директор, баласы үшін шырылдаған әкеге тап берді.
-Не үшін келдің мұнда? Сізді шақырған жоқпыз ғой?
Интернаттағы әлімжеттік жайында өткен аптада шәкірттердің өзі жайып салған. Бірақ, мектеп басшысы оларды бүгін «қиялиға» теңеді.
-Сонда бұларды қияли демекшісіз бе?
-Солай.
Ата-аналардың айтуынша, журналистерге шағымданған соң, интернатта оқуын жалғастырып жатқан жеткіншектерге қысым одан бетер күшейіпті.
Бүркітбай Сүлейменов, зардап шеккен оқушының әкесі:
-Жаттығудан кейін міндетті түрде ұрады екен. Бүйрегінен қолын керіп қойып ұрған. Мен сізге неге өтірік айтамын. Тиым салынған әдісті сәрсенбі мен сенбіде қолданып отырған. Ойдан шығарып қайтем?Мен өзім интернатта оқыған баламын.
Баспасөз жиынына директор барлық жандайшаптарын жинаған екен. Тіпті екі баласы интернатта тұратын жалғызілікті ананы да әдейі шақыртқан. Алайда «сценарии бойынша» басшылықтың сөзін сөйлеуі тиіс әйел де шындықты жасырған жоқ.
Венера Жүсіпова, зардап шеккен оқушының анасы:
-Балаларым «бізді алып кетші» деп күнде жылайтын. Мен «шыдаңдар сендер ер баласыңдар» деп жұбататынмын. Қазір шүкір олар жоғары сыныпта оқып жүр.
Ал интернаттағы балалардың әлімжеттігін растайтын көріністер әлеуметтік желілерде жүр. Мына кадрларда ұйықтап жатқан баланың бұтына от қойған жоғары сынып оқушылары анық көрінеді. Ал ұйқысына шошып оянған бала түк түсінер емес.
-Қазір мектеп-интернатты облыстық прокуратура жан-жақты тексеріп жатыр. Бұған қоса ата-аналардың жазған арызы бойынша қылмыстық іс те қозғалған. Интернат директоры тексерулер нәтижесінде заң бұзушылықтар расталса, жылы орнымен қоштасуға дайын екенін мәлемдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!