«Елки 1914»
Жаңа жылға - жаңа фильм! Алматыда режиссер Тимур Бекмәмбетовтің кезекті кинотуындысының алғашқы көрсетілімі өтті. Оған басты рольде ойнаған актер Сергей Светлаковтың өзі келді. Енді киносүйер қауым желтоқсанның 25-інен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан «Елки 1914» атты жаңа картинаны тамашалай алады.
Автор: Елгүл Нұғман
22.12.2014
Бұл, әрине, осы уақытқа дейін бірнеше бөлімі шыққан «Елкидің» жалғасы. Туындының тұсаукесері Бекмәмбетов кинотеатрының екі жылдық мерекесіне тұспа-тұс келген екен. Айтулы шараға қатысу үшін Bazelevs компаниясының өкілдері де Алматыға арнайы ат басын бұрыпты.
Ирен Ванидовская, Bazelevs компаниясының коммерциялық директоры:
- Бұл жолғы «Елки» фильмі алдыңғы үшеуінің соңғы қорытынды бөлімі болмақ. Мұнда махаббат пен сүйіспеншілікке кеңінен орын берілген. Комедияны көрген адам міндетті түрде мерекеден жағымды әсер алады. Тимур Бекмәмбетов келесі жаңа жылға да үлкен тосынсый дайындап отыр.
Кинодағы оқиға желісі бойынша 100 жылға шегініс жасалған. Мұнда басты кейіпкерлер ақсүйектердің сарайы мен шаруалардың лашығында өмір сүреді. Басты рольдерде Иван Ургант пен Сергей Светлаков. Жылына бір рет болатын үлкен балға олар барынша дайындалады. Бірақ, Бірінші дүниежүзілік соғысқа тұспа тұс келген мереке өздері ойлағандай болмайды.
Фильм ақпан айынан бастап түсірілген. Оның түсірілімі Ресейдің Санкт-Петербург, Пермь, Екатеринбург қалаларымен қатар, біздің бас қаламыз – Астанада жалғасқан. Киноға 200-ден артық кәсіби актерлермен бірге көптеген қала тұрғындары да түсіпті.
Аян Бірбаев, әнші:
- Фильм өте қызықты, ерекше көңілді болды. Әсіресе, соңында болған көрініске біздің елдің азаматтары түскен. Соңғы сахна біздің елімізде түсіріліпті. Менің көңілімнен шықты.
Желтоқсанның 24-і күні еліміздің барлық кинотеатрларында «Елки 1914» фильмінің премьерасы өтеді. Картинаны Қазақстанға таратушы – Disney, Sony және Bazelevs компанияларының ресми дистребюторы Меломан компаниясы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!