Астанада айлап жалақы алмаған құрылысшылар шу шығарды
Астанада 2 ай жалақы алмаған жұмысшылар наразылық білдірді. Элиталық тұрғын үй кешенін салып жатқан 50-ден астам адамның құрылысқа жауапты түрік компаниясына өкпелері қара қазандай. Себебі Түркиядан келген жұмысшыларына еңбекақыларын уақытылы төлейді екен. Осындай әделтсіздікке күйінген наразы топ бүгін басшыларының кеңсесіне басып кірмек болды.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.12.2014
-Ақшамызды қайтарыңдар...
Бұл Есілдің сол жағалауындағы жеті қабатты элиталық тұрғынүй кешенін салып жатқан құрылысшылар. 50-ден аса жұмысшы екі айдан бері жалақы алмаған. Тұратын жерлері де адам төзгісіз. Мынадай темір қаңқалы күркелерді паналатып қойған. Ол былай тұрсын, тиісті төлем болмаған соң жарық пен жылудан да ажыратылыпты.
Аманжол Әубәкіров, құрылысшы:
- Күнде ертеңмен әйтеуір жүрміз. Міне,айдың соңы болды. Келісім-шарт бойынша айдың онына дейін беру керек. Кешіктіріп жатыр.
Не үшін кешіктіргенін ешкім түсіндірмеген де. Адал ақысын талап еткен наразы топ түрік компаниясының басшылығымен кездеспек болған. Алайда, оларды жұмыс берушілер полиция шақырып қуыпты.
Аманжол Әубәкіров, құрылысшы:
-Бүгін сағат 12-де хабарын берді. Полиция шақырамыз деді. Кеңсенің алдына жақындамаңдар деп қуып жіберді.
Әзірге, тұрғынүй жартылай салынып біткен. Ал құрылысшылар жалақысын бермесе, жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Наразы топты жылатып отырған түрік компаниясы болса, уәде беруден жалығар емес.
-Бүгін жалақыларыңды берем деп уәде бердім ғой. Желтоқсан айын айта алмаймын. Бірақ қараша айының еңбекақысын аласыңдар. Енді маған не дейсіңдер?
Алайда, наразы топ мұндай уәдеге сенуден қалған. Ең сорақысы, мұнда жұмыс істейтін Түркиядан келген жұмысшыларға ақшалары уақытылы төленіп отырады екен. Алайда, қазақтарға келгенде сараңдық танытып отыр. Осындай әділетсіздікке ашынған құрылысшылар еңбекақыларын алмаса, тағы ереуілге шықпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!