Қызылордада клиентке таласқан саудагерлер бір-бірімен төбелесе жаздады
Қызылордада «ескі базар» аталып кеткен сауда орнының сатушылары бір-бірімен жаға жыртысуға дейін барды. Мереке алдында сауда базар сыртында да қызу жүріп жатыр екен. Яғни сатушылар көше бойына да қаптаған. Бұған іште заңды орыны барлары қарсы шықты. Айтуларынша, осындай «жабайы сауда» кесірінен түсімдері азайған. Жең тартысып, жаға жыртысқан әйелдерді әкімдік өкілдері арашалауға тура келді.
Автор: Досжан Маратұлы
24.12.2014
-Барлық жерде рұқсат беріп жатыр. Жаңа жылға тіреліп тұрғасын бір-екі тиын жасайын дедік. Мынау не деген сұмдық?
Бұл ескі базардың алдында жабайы сауданың көркін қыздырған сатушылар. Жаңа жыл жақындаған сайын қатарлары артпаса, сирейтін түрі жоқ. Осы жағдай базар ішіндегі сатушылардың ызасын тудырса керек, сырттағы сатушыларды қууға полицияны шақырмай-ақ өздері білек түре кірісті.
-«Буткам» жабылып қалады деп қорқып тұрсың ба?
-Оның қатысы қанша?
-Сенің орның бар ма бұл жерде?
-Әржерден қаңғып-қаңғып келіп тұра қаласыңдар оңбағандар...
Дегенмен қанша жерден ұрсып, қуып жатса да жабайы сауда жүргізгендер ешқайда кетпейміз деп бекініп отыр. Себебі, несие бастан асады, ал басқа жұмыс жоқ. Сол үшін жаңа жылға дейін сауда жасауға рұқсат беруді сұрап отыр.
-Қалталарына ақша түспей қалды да бұлардың. 10 күн ғана жұмыс істейміз ғой. Болады ғой. Басымызда несие.Қырып тұрып ақша тауып жатқан жоқпыз. 1-2 мың теңге ғана ғой. Соны көре алмайды.
Сатушылардың бұл айқайын естіп келген әкімдіктің өкілдері де заңсыз сауда жүргізгендерге шүйлікті. Айтуларынша, сауда жасау үшін базарларда орын жеткілікті. Тек, сатушылардың өздері құны қымбат деп бармайтын көрінеді.
Төребек Жұмабеков, Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі:
-Осы жақында біз әдейілеп орын бердік. Базардың әкімшілігі бар бәріміз. Бірақ өздері отырмайды. Сыртқа қарай қашады. Шу-айқай. Құр айқай.
Ақыры базардың ішіндегі саудагерлер мен шенеуніктер сырттағыларды қуып тынды. Табысымыз азайды деп тебінген әйелдер «жабайы сауданы» енді өзіміз-ақ жасатпаймыз деп ашуға мінді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!