Петропавлда көктайғақтан жапа шеккендер саны еселеп артуда
Мамандар мұны биылғы қыстың ерте түсуімен және ауа райының құбылмалылығымен байланыстырып отыр. Ал алдағы мереке күндері өңірдің ақ халаттылары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшпек. Жылдағы тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл кезде жазатайым жағдайлар саны тіпті өсіп кетеді.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
25.12.2014
Сынықшы Валерий Грибашов күніне 60-қа жуық науқас қабылдайды. Өңірде бірнеше күн тұрған жылымық ауа райынан кейін түнде аяз ұрып, жер көктайғаққа айналған. Салдарынан қалалық ауруханаға қол-аяғын сындырғандар ағылып жатыр.
Дәрігерлер алдағы жаңа жылды мерекелейтін күндерге тыңғылықты дайындалып жатыр. Әдетте, қалада бір ғана травмотология бригадасы жұмыс істесе, желтоқсанның 30,31 күндері олардың саны үшеу болмақ.
Валерий Грибашов, дәрігер:
-Биіктен сырғанауды жақсы көретіндер көп. Жаңа жыл түні арақ ішіп алғандар орталық алаңға сырғанақ тебуге келеді. Салдарынан қол-аяғын сындырып қана қоймай, одан да ауыр жарақаттар алып жатады.
Көктайғақ көліктерді де аяп жатқан жоқ. Мына газ таситын машинаның иесі рульге ие бола алмай, жолдың жиегіне шығып кеткен. Абырой болғанда, цистерна сау қалып, ауаға улы газ тараған жоқ. Көлікті шығару үшін арнайы техника алдырылып, құтқару шарасы бірнеше сағатқа созылды.
Абзал Байтеленов, СҚО ТЖД қызметкері:
-Көктайғақтың кесірінен осылайша жолдың шетіне шығып кетіп жатқан көліктер көп. Дені тіркемелері бар ауыр жүк көліктері. Тек осы айда ғана оныншы машинаны шығарып жатырмыз.
Өңірде қыс түскелі қол-аяғын сындырып, ауруханаға түскендер саны былтырғыдан үш есеге артқан. Олар енді жаңа жылды отбасымен емес, кезекші дәрігерлермен бірге қарсы алады.
-Дегенмен, синоптиктер мұндай оқиғалар енді азаяды деп болжап отыр. Алдағы демалыс күндері-ақ өңірде күн қатты суытады. Аяз қатты болғанда, көктайғақ өздігінен шытынап жарылады екен. Сөйтіп, бұл күндері жарақат алғандар саны сәл де болса азаюы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!