Калачи тұрғындарын тағы ұйқы қысып жаппай естен танып жатыр
Атышулы Калачи ауылындағы жағдай күрделене түсті. Мұнда ұйқы қысып есінен танғандардың алды психдиспансерге жөнелтіліп жатыр. Жұмбақ дерт елді-мекенде қазір қайта өршіген. Тек апта басынан бері 20 адам қалың ұйқыға кетіп, Есіл аудандық ауруханасына жеткізілді. Калачиліктер биліктің шарасыздығынан да әбден қажыған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
26.12.2014
Қазір бұл ауылдың тұрғындары ешкімге сенбейді. Сансыз комиссия, пайдасы жоқ ғалымдар, облыс басшыларының жиындарынан мезі болған. Ал соңғы оқиғадан кейін калачиліктер шынымен қорқайын деді. Ұйқыдан оянған 17 жастағы қыздың жүйкесі сыр беріп, психдиспансерден бір-ақ шыққан.
Елена Штырь, Калачи ауылының тұрғыны:
-6 рет ұйықтап тұрды. Бәрі тіркелген. Бірақ дәрігерлер оның жүйкесіне осы ұйқының кері әсері тигенін мойындағысы келмейді. Қазір Алексеевкадағы жүйке аурулары диспансерінде миы зақымдалған деген диагнозбен жатыр.
Күннің жылынғаны әсер етті ме, көктем мен күзде байқалатын дерт Калачи жұртын шетінен сұлатып жатыр. Ауруханада осыдан бірнеше күн бұрын ұйықтап әлі оянбағандары бар. Есінен танып, маужыраған адамның түрі мынау.
Ғалымдар 1 жылдан аса жабыла тексеріп, сырқаттың себебін таба алмай жүр. Бар бәле ашық жатқан уран шахталарынан келді деген жұртқа құлақ асар ешкім жоқ. Десе де, «болашағы жоқ» деп танылған ұйқыдағы ауыл келер жылы түгел көшірілмек. Тек бір қызығы, осы Калачиде бюджет қаржысына жаңа үйлер салынуда.
-Дәл қазір дертіне шипа табылмай, ауруы асқынып тұрған Калачи ауылы жақын арада тегіс көшіріледі дегенге ешкім сенбейді.Өйткені, ауылдың қақ ортасында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлердің құрылысы аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары басталған. Бұл үйлерге Красногор қаласындағы бұрынғы кеншілер қоныстанады деп күтілуде.
Виктор Лукьяненко, Красногор кентінің тұрғыны:
-Өздері Калачидың болашағы жоқ дейді. Ондағылар естен танып ауырып жатыр. Ал бізді сондағы жаңа үйлерге көшірмекші ме?
Калачиді көшіру мәселесі әлі қағаз күйінде. Мұндағы 200 отбасының жартысынан көбі қауіпсіз жерге көшуге келіскен.
Әсел Сәдуақасова, Красногор кентінің әкімі:
-Әрбір отбасымен жеке -жеке кездестік.124 отбасы көшуге келісті. Қалғаны ойланып жатыр.
Қарияларға басқа ауыл-аймақтардағы қарттар үйіне қоныстануға ұсыныс жасалыпты. Қалған тұрғындар болса, төтенше жағдай жарияланып, өтемақы төленген соң ғана көшуге келісіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!