Ақтөбеде дәрігерлер жастарға үйленбей тұрып денсаулықтарын тексертуге кеңес берді
Ақтөбеде тілінде мүмкісі бар, құлағы естимейтін бүлдіршіндер көбейді. Мамандар мұны ата-аналардың жауапсыздығымен байланыстырып отыр. Әсіресе жас отбасылар сәбилі болмай тұрып денсаулықтарын тексертпейді. Кейбір келіншектер жүктілік кезінде тұрмыстық қиындықтарға төзе алмай күйзеліске ұшырайды екен. Мұның салдары іштегі шаранаға беріліп, баланың ауру болып туылуына әкеп соғады. Енді соларды қатарынан қалдырмау үшін жергілікті жерлерде арнайы орталықтар ашылып жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.01.2015
Қазір Ақтөбе облысында бес мыңнан астам даму мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Олардың тең жартысына арнайы комиссия мүгедек деп құжат толтырып, мөр басқан екен. Осындай бүлдіршіндер жыл санап көбейіп келе жатқанына мамандар алаңдап отыр.
Ионна Валиулова, Ақтөбе облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
-Мүгедек балалар саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе бірінші орында туа бітті дертті болған сәбилер тұр. Одан соң жүйке жүйесі ауыратын, ақыл-есі кем балалар да артып келеді.
Мамандар мүгедек балалардың көбеюіне ата-аналарды кінәлайды. Әсіресе, жас отбасылар жатырына біткен шаранасына жауапсыздықпен қарайды екен. Тұрмыстық қиындықты көтере алмай күйзеліке ұшырайтын келіншектер жиі кездеседі. Ашушаң әйелден ару бала туады дейді мамандар.
Япырай Төленова, Ақтөбе қалалық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі:
-Жүктілікті жастар жоспарламайды. Үйленбей тұрып қаржылық жағдайына дейін реттеп алуы керек. Ақша жетпей, ұрсысып жататындары да жеткілікті. Мұндай келеңсіз жағдайда сау бала дүниеге келеді ме?
Дертті боп туған баланы сауықтыруға елімізде әлі жағдай жасалмаған. Ақтөбеде ашылған жаңа орталықтың өзінің жылына небәрі жүз бүлдіршінді қабылдауға мүмкіндігі бар. Бірақ оған да ата-аналар шүкіршілік етіп отыр.
Оралхан Сағынбайқызы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Массаждың өзін жалдау ақша . Бір массажы екі мың теңге. Баламыз бері қарап, оң нәтижесін берсін деп соған әр уақытта апарамыз. Логопедке апарамыз Оренбургқа да мысалы.
- Мамандар өмірге дені сау бала келу үшін үйленбек болған жастарды неке қиярдан бұрын бір апталық психологиялық дәрістен өтуге міндеттеу керектігін айтады. Ол жерде денсаулыққа қатысты, жүктілік, отбасындағы ұрыс-керістен арылу жолдары үйретілсе деген ниеттерін де айтады. Сол кезде ғана мүгедек балалар саны азаяды деп сенеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!