Алматыда дәретханасы жоқ мектеп ата-аналардың ашуын туғызды
Жаңа мектептің айтуға ұят жайсыздығы! Алматыдағы №184 мектеп оқушыларының ата-аналары бүгін наразылық білдірді. Оған себеп – оқу ордасының жанында бастауыш сыныпқа деп салынған жаңа ғимаратта дәретхананың жоқтығы. Оны салуға білім ошағының аядай ғана ауласында орын да қалмаған. Ата-аналардың жаңа мектепте спорт зал мен асхананың салынбағанына да көңілдері толмай отыр.
Автор: Құралай Пионер
14.01.2015
Бұл – балалары тек бастауыш сыныпта оқитын ата-аналар. Міне, мына №184 мектептің қосымша бөлігі жолдың арғы бетінде салынып, жақында ғана пайдалануға берілген. Тек сол жаңа ғимараттың бір қажетті нәрсесі, көпшілік сұраса да, салынар емес. Нақтыласақ, мектепте дәретхана жоқ.
Зинаида Коржева, Алматы қаласының тұрғыны:
- 9-ы күні бірінші сыныптың оқушыларын мына жаңа ғимаратқа кіргізді. Ғимаратқа көңіліміз толады. Бәрі жақсы-ақ. Бірақ не ішіне, не сыртына кішкентай балаларға ыңғайлы етіп дәретхана салынбаған.
Ольга Кортель, Алматы қаласының тұрғыны:
- Шыдамағаны ескі мектептің дәретханасына барады екен. Бірақ екеуінің арасында үлкен көлік жолы тұр. Бірінші сыныптың баласы ол жаққа қалай барады?
Десе де, мектеп ауласына таяу маңда дәрет сындыратын бір орын бар екен. Тек ол кішілерге емес, үлкендерге арналған. Әрі сол маңдағы тұрғын үйдің біріне тиесілі.
Анастасия Голушкова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ғимараттың артындағы жерге бөтен адамдар да барып, дәрет сындырады. Қазір менің балам лас деп оған бармайды. Үйге дейін шыдап келеді. Бірақ қашанғы сөйтіп жүрмек.
Ал мектеп қызметкерлері қазір дәретхана мәселесін шешумен айналысып жүр екен. Тіпті қазылатын орынды да белгілеп қойған. Енді, тек трактордың келуін сарғая күтуде.
Маржан Мәртбаева, мектеп қызметкері:
-Бізде екі жеті болды, жөндеу бітіп жатыр. Енді дәретхананы қаздыруға трактор келеді. Дайын болады, міне.Осы 10 күннің ішінде қазылып, ағаш дәретхана әкеліп орнатамыз.
Ал мынау жаңа ғимараттан 2 жүз метр қашықтықта тұрған нысан мектептің негізгі бөлімі. Қазір мұнда 5-ші және 11-ші сынып аралағындағы оқушылар қалған. Бірақ оның іші тұрмақ, сыртынан да қажеттілік орнын көруге рұқсат етілмеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!