Қыс ортасында Семейдің шеткі аудандарын су басты
Семей шетіндегі көшелер мен жер үйлерді су басты. Кешеден бері жер асты сулары көтеріліп, бірнеше аулаға кірген. Ал көшеде көлік тұрмақ жаяу адам жүре алмайды. Қазір шұғыл әрекет ету қызметі мен коммуналшылар бірлесе тазартып жатыр. Судың бұлайша бірден аулаларға жайылуына арықтардың бітелуі себеп болса керек.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
14.01.2015
Семей шетіндегі көшелер қыс ортасында судың астында қалды. Кешелі бері мұнда құтқарушылар мен тұрғындар абыр-сабыр күйде. Барлығы судың арнасын ашып әлек.
-Міне сығалап тұр. 2-3 см-ден кейін үйге де кіреді...
Жер үйлердің жертөлелері де ернеуіне дейін суға толған. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған жұрт мүлде баспанасыз қаламыз ба деп үрейленеді.
Күлшара Әшкенқызы, Семей қаласының тұрғыны:
-Елдің үйіне кіріп жатыр. 4-ші Омскі көшесінен бастап осы жаққа дейін есіктеріміздің алдына келді. Погребіміз суға толып тұр. Сұмдық қой мынау.
Оқиға орнында құтқарушылармен бірге коммуналшылар да жүр. Олар судың көтерілуіне көше жиегіндегі арықтардың бітелуі себеп дейді.
Дмитрий Алябьев, Семей қалалық ТЖБ бөлім бастығы:
-Қазіргі уақытта арықтар тазартылуда. Ол үшін қатқан мұзды ерітіп жатырмыз. Ыстық суды арнайы техника қысыммен жіберуде. Астынан қоқыс көп шықты.
Су өткелдері біршама босаған. Деңгейінің көтерілуі тоқтады дейді құтқарушылар. Алайда жұрт қыс ортасындағы тасқынның кезекті толқыны бола ма деген үреймен отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!