Автоорындыққа қатысты атышулы талап кейінге қалуы мүмкін
Өздері қабылдап, күшіне еніп те үлгерген заңға Мәжіліс қарсы шықты. Елді шулатқан «Жол қозғалысы» туралы жаңа заңның талаптары жанына батса керек, бүгін депутаттар автокресло орнату туралы бапты 1 жылға шегеруді ұсынды. Тіпті автоорындыққа балаларды 12 емес, 6 жасқа дейінгілерін отырғызуды өтінуде. Сонымен қатар атышулы заңға қайта өзгеріс пен толықтырулар енгізбек ниетте. Ұсыныстарын премьер Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған депутаттар, Ішкі Істер министрлігін райынан қайтаруды енді Үкімет басшысынан сұрап отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
14.01.2015
Ұзақ демалған халық қалаулыларының бұл Жаңа жылдан кейінгі алғашқы отырысы. Ел «Жол қозғалысы туралы» туралы заңға көңілі толмай ұлардай шулап жатқаны енді естеріне түссе керек, бүгін бірден автокреслоға шүйлікті. Өздері ың-шыңсыз қабылдаған заңға енді өздері қарсы шығып, 12 жасқа толмаған балаларды автокреслоға отырғызуды кейінге шегеруді сұрап отыр.
Меруерт Қазбекова, Мәжіліс депутаты:
-Біріншіден, бұл заңды 1 жылға шегеру керек. Мысалы, дәл осындай ережені Ресей де қабылдаған, миллиондаған машинаны бірден орындықпен қамти алмаған соң мұндай талапты кейінге қалдырды. Екіншіден, құжатты қайта қарау керек. Сөйтіп, 12 емес, 6 жасқа дейінгі балаларды ғана автокреслоға отырғызған дұрыс.
Депутаттардың айтуынша, елімізде тіркеуде тұрған 5 миллионға жуық темір тұлпардың барлығына бірден автокресло орнату мүмкін емес. Оның үстіне жаппай орындық іздеп сабылып жүрген жұрт алып-сатарларға «жем» болуда. Яғни, сауда сөрелерінде жылдар бойы өтпей тұрып қалған автокреслолардың бағасы бірден шарықтап шыға келді. Ал дау тудырған заңды мәжілісмендер шикідей қабылдап қойғандарын мойындап отыр.
Қабиболла Жақыпов, Мәжіліс төрағасы:
-Бұл нағыз жемқорлыққа апаратын жол. Одан қалды медициналық қобдиша жөнінде. Оның ішінде міндетті түрде 3 бинт болу керек екен. Егер үлкен 2 бинт болса ше? Жолда тұрған сержант оны өлшеп жатпайды, 3 бинтті сұрап, жүргізушіні бәрібір жазалайды. Бұл - заңды қабылдаған комитет жұмысының шалалығын көрсетеді.
Кәнәліні іздегенмен бәрі де кеш. Себебі «Жол қозғалысы туралы» жаңа заң 7 қаңтардан өз күшіне еніп кетті. Осыны күткендей жол полицейлері жаппай жазалауды бастаған.
Сабыр Жүсіпбеков, Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
-Бастапқы 10 күн бойы жүргізушілерге ескерту жасадық. Қысқы демалыс кезінде мектеп, балабақшадаға барып, түсіндірдік, мүмкіндік бердік. Енді осы аптадан бастап ережені сақтамаған, яғни арнайы құрылғылар мен автокресло орнатпаған 20 жүргізушіге айыппұл салдық. Күндіз көліктің шамын жақпаған 124 жүргізуші жазаланды.
Ал бұл халық қалаулыларының қызметтік және жеке көліктеріне арналған тұрақ. Автокресло - тізіліп тұрған осы темір тұлпарлардың барлығында болуы керек. Өйткені, депутаттардың баласы, немерелері бар. Соған қарағанда , тиісті орындық сатып алып үлгермесе керек. Бір қызығы кезінде өздері қабылдап жіберген заңды яғни, автокресло орнатуды міндеттейтін бапты кейінге қалдыруды енді премьер-министрден сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!