СҚО-да трактор жүргізушісі өлімнен аман қалды
Боранда жолға шыққан трактор жүргізушісі өлім аузынан аман қалды. Оқиға Солтүстік Қазақстанда болды. Көрші ауылдан малға жем алып келмек болған жігіт боранда адасып, айдалада тұрып қалған. Денесін үсіткені былай тұрсын, кабинасында от жағып жылынбақ боп күйіп те қалыпты.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
15.01.2015
-Трактордың ішінде өлмейін деп от тұтаттым...
30 жастағы Бақыт Ахметов денесінің күйген жерлерін көрсетіп жатыр. 12 шақырым жердегі көрші ауылдан жем алып келмек болған оның тракторы жолда сынып қалады. Жөндеймін дегенше басталған боран бет қаратпай қойған. Жанармайы біткен кезде трактордың ішінде қолға ұстар дүниені жағып қыздырыныпты. Қатты түңілгені сонша ажалдың келуін күткім келмеді дейді ол.
Бақыт Ахметов, Воскресенка ауылының тұрғыны:
-Асылып өлгім келді. Өйткені мен ешкім таба алмай жатты. Бұдан да өлгенім жақсы деген ойлар келді.
Бірақ Бақыттың көретін жарығы бар екен. Оның жолда адасып қалғанын сезген туыстары төтенше жағдай мамандарына хабарласыпты. Оқиға Ресей мен Қазақстан арасындағы шекарадан таяқ тастам жерде болғандықтан құтқарушылар шекарашылардын көмек сұраған.
Әскербек Токин, «Қасқат» шекара бекетінің қызметкері:
-Боран көтеріліп кетті. Артқа келдік, басқа адам кетті. Бір сағаттан кейін қайта бастадық. Олар сағат тоғыз жарымда іздеп тапты өздері. Жолдан оң жаққа кетіп қалған.
Шекарашыларға алғысы шексіз Бақыт –дін аман. Тек қолы күйіп, беті үсіпті. Қыс басталғалы тек «Қасқат» бекетінің қызметкерлері үш адамды қардан қазып алыпты. Өкінішке орай, біреуі араға жарты сағат салып, дәрігердің қолында мерт болған.
-Қыс басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар мен шекарашылар жолда қалған 900-ден астам адамды аман алып қалыпты. 300-ге жуық техника қар құсауынын құтқарылған. Мамандар мұндай жағдай адамдардың қамсыздығынан болады деп отыр. Көбі ескертулерді елемей, бет бақтырмайтын боранға қарамастан жолға шығып кетеді екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!