Ақмола облысында мейірбике ақыл-есі кем адамдарға малын бақтырған
Ақмола облысындағы психоневрологиялық диспансердің мейірбикесі науқастарды өзінің үйіндегі жұмысқа жеккен. Жүйкесі ауыратын жандар оның ауласын тазартып, малына дейін бағыпты. Тексеру барысында басқа да былықтың беті ашылды. Аталған мекемедегі ас мәзіріне жауап берген Наталья Курбацкаяның мүлдем білімі де жоқ. Диетолог мейірбике 10 жыл бойы жалған дипломмен жұмыс істеп келген. Ақыл-есі кем 535 сырқаттың дұрыс тамақтануына жауапты болған әйел қазір қызметінен ғана шеттетілді. Купчановка ауылындағы осы арнайы мекемеде қазір тексеру жүріп жатыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
15.01.2015
Мына емделушілер өздеріне кімнің нұсқауымен тамақ әзірленіп, қандай ас беріліп жатқанымен шаруалары жоқ. Өйткені өзге түгілі, өз ісіне жауап бере алмайтын жүйкесі сыр берген науқастар. Психоневрологиялық мекемедегі былық кездейсоқ анықталып отыр. Сөйтсе, ас мәзірін белгілеу, тағам құнарын анықтау, диспансерге жеткізілетін азық-түлікті қабылдау мүлдем білімі жоқ маманға жүктеліпті. Наталья Курбацкая 10 жыл бойы жалған дипломымен алаңсыз жұмыс істеп келген. Бірақ ақыл-есі кем емделушілер ғана емес, әріптестері де оның біліктілігіне шүбә келтірмепті.
Динара Қасымова, терапевт:
-Бұл өте жауапты жұмыс. Біздегі науқастар ерекше санатқа жатады. Олардың арасында өмір бойы дәрі-дәрмек ішетіндер бар. Қант диабетімен ауыратындар да бар. Оқымаған адам түгілі біз, дәрігерлер ол жұмысты істей алмаймыз. Осынша уақыт қалай жұмыс істеді екен?
45 жастағы Наталья Курбацкаяның дипломы жалған екені басқа жағдайда белгілі болып қалған. Полицияға диспансер мейірбикесінің науқастарды үйіне апарып жұмысқа салатыны туралы ақпарат жетеді. Тәртіп сақшылары ақыл есі-кем 3 жігіттің Курбацкаяның ауласында жұмыс істеп жүргенінің үстінен түскен. Мекеме директоры мейірбике оларды жабық мекемеден жасырын алып шығуы мүмкін дейді.
Данияр Жангелдинов, Купчановка психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры:
-Иә, полициядағы бейнетаспада олардың сол үйде жұмыс істегені анық көрініп тұр. Бірақ жабық мекемеден олар далаға қалай шыққанын мен білмеймін. Ұрланып, асхана арқылы шығуы мүмкін. Бізде науқастар тек белгіленген уақытта ғана шығады.
Медициналық орта арнаулы білім туралы диплом Наталья Курбацкаяға Алматыдағы медицина колледжінде беріліпті. Ал ол оқу орнын тексерген кезде құжаттың жалған екені, мейірбикенің онда оқымағаны анықталған.
-10 жыл бойы асханада ас мәзірін жасап, тағам құнарлылығын қадағалау тапсырылған мейірбике қазір қызметтен шеттетілген. Жалған дипломмен жұмыс істеп келгені аздай, науқастары үйіне апарып жұмысқа жеккені дәлелденсе, мейірбикеге заң алдында жауап беруіне тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!