Ақтөбеде ата-аналар балаларын ұрғандарды тізерлетіп тұрып кешірім сұратты
Тізерлеп отырып кешірім сұрауға мәжбүрледі! Ақтөбеде мектеп күзетшілерін ата-аналар балаға қол көтерді деп айыптап, қолға түскен тұтқын сияқты мәжбүрлі түрде кешірім сұратқан. Онысын тіпті таспаға түсіріп, ғаламторға салыпты. Айтуларынша, екі күзетші 5-ші сынып оқушыларын тентектігі үшін аяусыз соққыға жыққан. Дегенмен мұны полиция жоққа шығарды. Өйткені дәлел жоқ. Ата-аналар арыз жазбаған, балаларын денесін де көрсетуден бас тартыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.01.2015
Үшінші тоқсан басталғалы №23 мектеп-лицейден тексерушілер арылмайтын болған. Учаскелік инспектордан бастап, прокурорларға дейін күнде осы жерден табылады. Себебі ата- аналар жаңа жылдың алдында қос күзетші 5-ші сынып оқушыларын бөлмеге қамап, сабады деп арызданған.
Гүлнәр Нарымбетова, №23 мектеп-лицейдің директоры:
-Мен енді ата-аналардың сөзінен айтайын Кеуде тұсы мен қолын ұрған. Осы оқиға үшінші сабақта болған. Балаларда қазақ тілі сабағы болды.
Білім ошағындағы ішкі тәртіпті қадағалау «Бүркіт» патриоттық клубына жүктелген. Құрамы жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінен жасақталған ұйымға қызметі үшін әр ата-ана екі жүз теңгеден төлейді. Ал олар мектепті күзетіп қана қоймай, сотқарларды жөнге салып, әлімжеттіктің алдын алуы тиіс. Енді сол бозбалалардың өздерін ата-аналар әлімжеттік жасады деп айыптауда. Тіпті тізерлетіп тұрып көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүрлеген.
- Тізерлеңдер, тез.
- Кешіріңіздерші, өтінемін! Енді олай істемейміз.
Дегенмен күзетшілер кішкентай балаларға қол көтерді дегенге тәртіп сақшылары сеніп отырған жоқ. Өйткені сол ата-аналардың бірде бірінен арыз түспеген. Тіпті өздері балаларын сараптамадан өткізуге қарсы шығыпты.
Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-Олар мектептің және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысып келген. 25 желтоқсанда ата-аналар комиссиясының арызынан кейін үнемі тәртіп бұзатын бесінші сынып оқушыларын әңгіме өткізуге шақырған. Алайда оларға күш қолдану немесе психологиялық қысым көрсетілген жоқ.
-Қазір №23 мектеп-лицей басшылығы «Бүркіт» патриоттық клубымен арадағы келісім-шартты тоқтатқан. Енді ішкі тәртіпті мұғалімдердің өздері қадағалайтын болады. Ал полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғаудан бас тартып отыр. Өйткені ата-аналардың құр даурығуынан басқа, ешбір дәлелдің жоқтығын айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!