{metadescription}
Алматыда  жүргізушілер Ресей мен Беларусьтен әкелген көліктерін  тіркей алмай жатыр
Алматыда  жүргізушілер Ресей мен Беларусьтен әкелген көліктерін  тіркей алмай жатыр

Алматыда жүргізушілер Ресей мен Беларусьтен әкелген көліктерін тіркей алмай жатыр

Арзан көліктің әлегі! Елімізде Ресей мен Беларустен әкелінген көліктерді тіркеу қиындық тудыруда. Ұзын-сонар кезек әсіресе Алматыдағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында қалыптасқан. Дегенмен шенеуніктер мұны уақытша келеңсіздік деп отыр. Жуық арада барлығы қалпына келеді деп сендірді шенеуніктер. Естеріңізге салсақ, биылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде көлікке қатысты «Еуро» стандарты алынып тасталған болатын. Яғни, ұйымға мүше Ресей мен Беларустен енді жылына қарамай кез-келген көлікті тасымалдауға болады.

-Жаңа жылдан бері Ресейге барып арзан көлік тізгіндеп келгендер міне соңғы аптада табанынан таусылып, сандалып жүр. Себебі, Алматыдағы автокөлікке арналған қызмет көрсету орталықтарында көрші елден әкелінген көліктерді тіркеуге қатысты бірқатар қиындықтар туындаған.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы заң биыл күшіне енгелі Ресей мен Беларусьтен ескі көлік әкелуге де рұқсат етілген болатын. Осыны естіп, көрші елдерден арзан көлік алуға ағылған бұл азаматтар енді оны тіркете алмай жүр.

-Ресейден көлік алып келдік. Ол жақта оңай бір сағаттың ішінде шешіп береді тіркеуден. Ал, мында келсек, бір апта бір ай күтесің дейді. Қазір міне екі сағат отырмын осы жерде. Ал, 300 доллар берсең 15 минуттың ішінде шығарып, тіркеуге қойып береді.

Дәл осындай жағдайға тап болған жүргізушілер жетерлік. Бірінің көлігін тіркеуге алмаса, енді біреуінен қалың құжат талап етеді екен.

Қанат Сақтағанов:

-Қызмет көрсету орталығы болған соң, халыққа қызмет қылу керек қой. Мында құжат дұрыс емес деп тіркеуге алмай жатыр. Әрі көліктің ұрланбағанын олар 15 минуттың ішінде компьютерден қарай салуы керек. Олар екі апта бойы қарайды.

Ержан Игенбаев Ресейден арзанға көлік алуды көздепті. Ертеңге Мәскеуге дейін билет те сатып алып қойған. Бірақ бүгін арнайы орталықтағы жағдайды көріп бұл ойынан айнып қалғандай.

Ержан Игенбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

-Өткенде жаңалықтан «еуро» стандарттың алынып тасталғандығын естіп осындай қадамға бел буғам. Бірақ мына орталықта ол заң орындалмай жатыр ғой.Не сұрағыма да дұрыс жауап қатпады. Енді көлік алып келгеніммен оны тіркей алмай қаламын ба деп қорқып тұрмын.

Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында расымен тұщымды жауап қататын адам жоқ. Басшыдан бастап, қосшыларына дейін бастарын ала қашты. Олар үшін Астанадағы Әкімшілік полиция комитетіндегілерге жауап беруге тура келді. Ішкі істер министрлігі көліктерді тіркеп үлгермей жатқандарын айтады. Әйтпесе, жұрт үрейленіп жатқандай ескі көліктерді тіркеуге ешқандай тыйым салынбаған. Сондықтан жүргізушілерді біраз сабырлыққа шақырып отыр.

Бауыржан Наханов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы:

-Ең басты мәселе көліктің ұрланбағанына көз жеткізуміз керек. Ол үшін Белорусь пен Ресейге сұрау саламыз. Сол біраз уақытты алады. Ал, экономикалық одақ негізінде көрші елдерден кез-келген көлікті сатып алуға болады. Жылына да қарамаймыз. Тек, техникалық құжат пен сатып алғандығыңызды растайтын қағаз болса болды.

Сондықтан арзан көлік іздеп Ресей мен Беларуське сабылған азаматтарға еш алаңдауға негіз жоқ. Қалаған машинаңыз жылына қарамай-ақ тіркеле береді. Ал арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы келеңсіздік жақын арада жойылады деп сендірді шенеуніктер.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде