Екі атом станциясы 2025 жылға дейін салынатын болды
Елімізде атом электр станцияларының нақты қай жерде салынатыны белгілі болды. Табиғат жанашырларының қарсылығына қарамастан станциялар 2025 жылға дейін Балқаш көлінің маңы мен Курчатов қаласынан тұрғызылмақ. Іске қызу кіріскен Энергетика министрлігі нысандардың құрылысын заңдастыру үшін жаңа заң жобасын бүгін Мәжіліске алып келді. Алайда депутаттар алқынған шенеуніктерге әлемдегі апаттарды естеріне салып, асықпауға кеңес берді. Тіпті миллиардттар бөлінетін жобаның тиімділігіне күмән келтіріп отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
15.01.2015
Бүгін депутаттар қауіптеніп, ал шенеуніктер қызғыштай қорғаған атом электр станцияларының елімізде әлі іргетасы да қаланбаған. Жоспар бойынша қос станция Балқаш көлінің маңы мен Курчатов қаласынан салынуы тиіс. Сол нысандарды заңдастырып алу үшін бүгін Энергетика вице-министрі Мәжіліске «Атом энергиясын пайдалану туралы» жаңа құжатты алып келіпті.
Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:
-Заң жобасында мемлекеттік құпия ақпараттарға түзетулер енгіздік. Енді экологиялық ақпарат пен ядролық алаңдардың қауіпсіздігі туралы мәліметтер қолжетімді болады. Жалпы, құжат адам денсаулығын қорғай отырып, табиғатқа зиянсыз атом энергиясын тиімді пайдалануға бағытталған.
Вице-министрді депутаттар бірден қолдай қоймады. Халық қалаулылары Қазақстанда салынатын атом станцияларынан күмәнданып отыр. Өйткені, қазір уран алпауыты саналатын Австралияның өзі АЭС-тан бас тартып, оның құрылысына заң жүзінде тыйым салыпты.
Айткүл Самақова, Мәжіліс депутаты:
-Сіздер жоғары активті ядролық қалдықтарды қалай жоймақсыздар? Бұл мәселе Қазақстан түгілі бүкіл әлемде шешімін таппаған. Жалпы, еліміз үшін АЭС салу экономикалық жағынан қаншалықты тиімді?
Вице-министр алаңдауға негіз жоқ деді. Шенеуніктер мен мамандар атом энергиясының тиімділігін жан-жақты зерттеп, сараптама жүргізген. Елімізден қауіпті қалдықтардың да көзін жоятын жер табылатын көрінеді.
Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:
-Әрине, АЭС құрылысын жоспарлағанда міндетті түрде оның қалдығын қайда жібереміз деген сұрақ тұрады. АЭС кем дегенде 60 жыл пайдалануға болады. Кейін, көзін жою керек. Ал, біз қалдықтарды Семейдегі сынақ палигонына көмуіміз мүмкін.
Мәжілісмендердің қауіптенуі бекер емес. Халықаралық тәжірибеге сүйенсе, әлемде күлі көкке ұшқан атом станциялары жетерлік. Мәселен, 4 жыл бұрын Жапонияда жер сілкінісінің кесірінен Фукусима АЭС ірі апатқа ұшырап, бірнеше энергоблок тоқтап қалды.
-Бірақ, қос станцияның құрылысы нақты қай күні басталатыны әзірге белгісіз. Жалпы, Қазақстан АЭС салуға 17 жылдан бері ұмтылып келеді. Бастапқыда мамандар станция Маңғыстау облысындағы атом энергия комбинатының базасында болғаны дұрыс деп шешті. Кейін бұл жоба тоқтап қалды. Енді Балқаш көлінің маңы мен Курчатов қаласы таңдалып отыр. Еліміздегі атом электр станцияларын Ресейдің «Росатомы» салады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!