Өскеменде көктайғаққа байланысты жүргізушілер көліктерінен түсіп жатыр
Ал Өскеменнің көшелерінде көктайғақ. Мұнда екі тәуліктен бері қар аралас жауған жаңбыр айналаны мұзға айналдырған. Салдарынан сүрініп құлап, аяқ-қолдарын сындырғандардың саны еселеп артыпты. Тіпті қаладағы травматологиялық бөлімшелерге науқастар кезекпен кіріп жатыр. Ал, коммуналшылар көшені тазалап үлгере алар емес.
Автор: Досжан Маратұлы
16.01.2015
Қаладағы травматологиялық бөлімшелер науқастарға лық толы. Себебі, екі күннен бері толассыз жауған қар аралас жаңбыр айналыны көктайғаққа айналдырған. Сондықтан тұрғындар құдды бір комедиядағыдай «келе жатып құлап, оянғанда гипс салындының» кебін киюде. Бірақ мұндағылардың күлуге шамасы жоқ. Себебі жарақаттары ауыр.
Наталья Федоренко, Өскемен қаласының тұрғыны:
-Мұнда қанша жататынымды білмеймін. Әбден жалықтым. Мұздан құлап аяғымды сындырып алғам. Енді міне, қазір қозғала да алмаймын.
Ал, Меруерт Елтаева жол апатынан зардап шекті. Ол келе жатқан көлік көк тайғақтан тоқтай алмай соғылған. Сол кезде қолын сындырып, иығын жарақаттапты.
Меруерт Елтаева, Өскемен қаласының тұрғыны:
-Көк тайғақтың кесірінен мұнда көп адам түсіп жатыр. Сондықтан басқа адамдар абайлап жүрсе екен деймін. Себебі, мұндай жағдай кез-келген адамның басына келуі мүмкін.
Дәрігерлер де тұрғындарды жолда абай болуға шақырады. Әсіресі егде жастағы адамдардың мұндай ауа-райында көшеге жалғыз шықпағаны абзал.
Виктор Кеня, дәрігер:
-Қарт адамдардың сүйегінде калций аз. Сондықтан сүйегі сынғыш болады. Ал, көшеге шығып жатсаңыз тайғанамайтын аяқ-киім кигеніңіз жөн.
Көктайғақ тек тұрғындарға кесірін тигізіп жатқан жоқ. Қалада көлік апаттары да жиілеп кетті. Сондықтан машинасын үйіне қойып, жаяу жүрген жүргізушілер жетерлік. Ал, әкімдіктегілердің айтуынша коммуналдық қызметкерлер жолдарды тазалап үлгермей жатыр екен. Бірақ көшеде қар мен мұзды тазалағанды қойып, көктайғаққа құм немесе тұз сеуіп қауіптің алдын алған бір техника көрінбейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!