Павлодарда 3 адамды қағып өлтірген жүргізуші ұзақ мерзімге сотталды
Павлодарда үш адамды қағып өлтірген Жамбыл Мұқантаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ марқұмдардың отбасына 35 млн теңге өтемақы төлеуі тиіс. Қайғылы оқиға былтыр қыркүйекте болған. Қымбат джипті мас күйде тізгіндеген 25 жастағы жігіт көшеде 3 адамды таптап өткен еді. Колонияға аттанбас бұрын бүгін ол марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.
Автор: Әйгерім Шакаманова
16.01.2015
Ғаламторға салынған мына кадрлар үлкен дау туғызған болатын. Сол күні қымбат джип мінген Жамбыл Мұқантаев үйленгелі жатқан досының дастарханында арақ ішкен. Басқаларына қарағанда сауырақ болғасын, күйеу жігіттің көлігін өзі жүргізіпті. Бұған дейін осылайша ақталумен ғана келген жігіт бүгін марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады.
-Істегеніме өкінемін. Кешірім сұраймын. Өте өкінішті бәрі...
Көлік ішінде Мұқантаевтан өзге үш жігіт болған. Ланд Крузердің иесі -24 жастағы Батыр Дүйсебаев жүргізушінің қасында отырыпты. Ол да қазір қамауда. Оның тағдыры алдағы күндері шешіледі. Ал көлік тізгініндегі Мұқантаевты прокурорлар тоғыз жылға қамауды сұрады.
Ерлан Алмасұлы, мемлекеттік айыптаушы:
-Ақырғы жаза ретінде тоғыз жыл бас бостандығынан айырып, жазасын өтеу үшін түзеу колониясының жалпы режимін тағайындауды сұрадым. Мен мемлекттік айыпталушы бұлардың жағдайларына кіріп, қайғыға ұшырағандықтан барлық талап-арыздарын қолдап, 40 млн теңгені барлық жәбірленушіге өндіруді сұрадым соттан.
Прокурор 9 жыл жаза сұрағанымен төрт ай қамауда болған Жамбыл Мұқантаевты судья он жылға бас бостандығынан айырды. Бұған дейін істің дұрыс қаралып жатқанына күмәнданған жәбірленуші тарап үшін бұл күтпеген жаңалық болды.
Анар Бөлешева, қаза болған Қ.Бөлешевтің қарындасы:
-Соттың шешіміне ризамын, басқа ештеңе айта алмаймын. Риза болғаныма өте қуаныштымын. Алланың бар екеніне сенемін. Жүргізушілерге айтарым, ешқашан жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыздар...
-Үш адамды қағып, оқиға орнынан ізін суытқан Жамбыл Мұқантаев енді жазасын жалпы режимдегі колонияда өткізбек. Бұған қоса, ол марқұмдардың отбасыларына 40 емес, 35 млн теңге көлеміндегі моральдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!