Павлодарда оқушылар ескерткіштерді талқандап кетті
Павлодарда Әскери даңқ саябағындағы мүсіндерді мектеп оқушылары қиратып кеткен. Былтыр ғана ашылған ашық аспан астындағы мұражайда айналдырған 15 шақты композицияның жартысының талқаны шығып жатыр. Енді қариялар бұл жерге күзет қою керек екенін алға тартуда.
Автор: Әйгерім Шакаманова
12.02.2015
-Бұзақылар әскери даңқ саябағында былтыр ғана орнатылған бірнеше мүсінді қиратып үлгерген. Мәселен, мына жауынгердің қаруының алдыңғы бөлігін жұлып тастаған. Жастардың бұл әрекетін көріп, ашынған қариялар бұған саябақта күзеттің жоқтығы себеп дейді.
75 жастағы Роза Исламова бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған жан. Қазіргі оқушы балалардың әдепсіздігін көзімен көрген кейуана жағасын ұстап отыр.
Роза Исламова, Павлодар қаласының тұрғыны:
–Шалым балалардың мүсіннің қолындағы автоматты жұлып жатқанын терезеден көріп қойды. Киініп сыртқа шықсақ, оны әкетіп барады екен.Оқушыларды қуып жетіп, автоматты қайтарып алдық. Сөйтіп, оны саябақтағы мұражайға тапсырдық.
Қаскөйлер мұндағы жауынгерлер мүсіндерінің қолындағы қаруын сындырып, бинокльдерін қолды қылған. 15 шақты композиция арасындағы ең құндысы Ленинградтағы шайқасқа қатысқан мына танк. Мұражай қызметкерлері оны шамалары келгенше қызғыштай қорып жүр.
Динара Опабекова, Әскери даңқ мұражайының меңгерушісі:
-Жалғыз ғана күзетші бар, ол адам музейді тастап ол жаққа жүгіре алмайды. Ал енді күндізгі уақытта бір рет тіпті менің маманыма қол көтерген жағдай да болды мас адамның. Жалпы, адамның патриоттық рухы, сана сезімі болуы керек қой. Әрбір манекеннің соңынан жүгіріп жүретін менде ондай көп маман да жоқ.
Ал шенеуніктер өз кезегінде жеңістің 70 жылдығына орай мұнда мерекелік шараларды өткізуді жоспарлап қойған. Бірақ алдымен жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонда ғана саябаққа бейнебақылау камераларын орнатамыз деп отыр. Әйтпесе, тәртіпсіз оқушылар ғана емес, қаңғыбастардан да маза жоқ. Олар осындағы окоптарда жиналып, ішкенді ұнатады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!