Алматыдан емделіп қайтқан балалар Оралға жеткенде тағы талып қалды
Елге қайтып келіп, есінен танды! Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының тұрғындарын шетінен сұлатып жатқан белгісіз аурудың себебі әлі анықталған жоқ. Дәрігерлердің бұлай тығырықа тірелуі тұрғындарды шошытып отыр. Тіпті білікті мамандардың қарауында болғандардың өздері үйлеріне ес-түссіз оралуда. Алматыдағы клиникадан қосымша тексеруден өткен алты бала ауылына қайтқан болатын. Бірақ ұшақтан түсер кезде үшеуі есінен танып, жедел жәрдем шақыртуға тура келді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
12.02.2015
Орал әуежайына қонған ұшақ жолаушыларының бәрі бірдей өз аяғымен түсе алған жоқ. Тілек Темірғалиевтың 11 жастағы баласы, әуе кемесінің жер табаны тірелген кезде өзін жайсыз сезінген. Қол-аяғы ділірдеп, сандырақтапты. Артынша тағы екі оқушы қыз есінен танған.
Тілек Темірғалиев, Березевка ауылының тұрғыны:
-Қазір ғана екі қыз есінен танып құлады. Бәрі табан астынан болды. Не істерімізді білмей әбден састық. Тек ұшақ қонғанда ғана жедел жәрдем шақырттық. Бұл не деген масқара!
Алматыдағы медициналық орталыққа алты ата-ана балаларымен ақпан айының басында аттанған болатын. Жұмбақ аурудың себебін анықтау үшін. Алайда олардың үмітін алматылық дәрігерлер де ақтай алмады.
Қазыбек Ермекбаев, Березовка ауылының тұрғыны:
-Балалардың не үшін жаппай құлап жатқанын олар түсіндіре алмайды. Диагнозы қандай десек, білмейді. Токсикологиялық сараптамадан кейін айтамыз дейді.
Березовка ауылы тұрғындарының жұмбақ аурудың себебін жақын маңда орналасқан «Қашаған» кен орнынан көріп отырғанын бұрын да айтқанбыз. Олардың ойынша, елдегі ең ірі мұнай-газ кенішінің ауаға тараған қалдықтары адамдарды улаған. Бірақ бұл болжамның анық-қанығы арнайы сараптамадан кейін белгілі болады. Ал билік өкілдері даурыққан жұрттты сабырға шақырып әлек.
Қайрат Әбуев, БҚО әкімінің баспасөз хатшысы:
-Бұқаралық ақпарт құралдары мен тұрғындарды Березовка ауылындағы жағдайға түсіністікпен қарауға шақырамын. Рас, осындай жағдай болып жатыр. Оны ешкім теріске шығармайды. Біз бәрін бақылауда ұстап отырмыз.
Елдің үрейін қашырған есінен тану дерегі әлі толастар емес. Жүйкесі сыр бере бастаған ата-аналар ақ халаттыларға да сенуден қалған. Тығырықтан шығудың жолы ауылдан көшу деп отыр. Бірақ оған әзірге билік құлақ асқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!