Теміртауда екпеден соң студенттер естерінен танып құлады
Теміртауда қызылшаға қарсы екпеден кейін 18 студент ауруханадан бір-ақ шықты. Көбі вакцина жасалған соң өздерін жайсыз сезініп дәрігер шақыртса, кейбірі естерінен танып құлаған. Ауруханаға түскен студенттердің ата-аналары егу жұмыстарының салдары жөнінде ескертпеген дәрігерлерді кінәлауда. Алайда мамандар бұл ағзаның қалыпты реакциясы дейді.
Автор: Саят Сабдалы
12.02.2015
Қарағанды облысында қызылшаға қарсы жоспарлы егу жұмыстары Теміртаудағы медицина колледжінен басталған. Онда тәлім алатын 178 оқушыға екпе салыныпты. Алайда айналасы 1-2 сағатта өздерін жайсыз сезінгендер мен талып құлағандарға жедел жәрдем шақыртуға тура келді.
Нұрсейіт Мамалинов, студент:
-Екпе салып біткеннен кейін балалар талып қалып жатты. Үйге келгеннен кейін түнгі сағат 12-ден кейін қатты ауырдым. Содан кейін жедел-жәрдеммен алып кетті.
Ата-аналарының айтуынша, егу жұмыстарын жүргізер алдында дәрігерлер балалардың денсаулығына да мән бермеген. Яғни олардың кейбірі тұмауратып тұрса, басқаларының түрлі аллергиялық аурулары болған екен.
Раушан Әбілова, Теміртау қаласының тұрғыны:
-Кәмелетке толмаған балаларға екпе жұмысын жүргізу үшін рұқсат сұрамаушы ма еді? Рұқсатсыз апарып екпе жасауға кім жол берді. Баламның денсаулығына алаңдап ауруханада отырмын міне. Мән-жайды түсіндіруге де жарымады ешкім.
Дегенмен, дәрігерлер қызылшаға қарсы екпе алғандардың 10-15 пайызының ағзасында ауытқулар байқалатынын айтады. Бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген анықтама екен. Үнді елінде шығарылған вакцинаны 2016 жылға дейін қолдануға жарайды. Ал ата-аналарды ескертуді ұмытып кеткен оқу орнының өзі көрінеді.
Ержан Нұрлыбаев, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Колледж басшылығы тарапынан осындай салғырттық болғанына көзіміз жетті. Енді біз егу жұмыстары бойыша ата-аналарды құлақтандыру міндетін өз мойнымызға аламыз.
Қазір ауруханадағы 18 оқушылардың хәлі тәуір. Оның 17-сі бүгін шығарылса, 1 оқушы бірер күн қадағалауда болады делінді. Бірақ ата-аналар прокуратураға шағымданамыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!