Алматыда көп балалы отбасы 8 мың теңгемен жан бағып отыр
8 мың теңгеге жан баққандар! Алматы облысында 5 баласы бар отбасы айына осынша жәрдемақыға күнелтіп отыр. Оның 5 мыңы өздері жалдап отырған бір бөлменің ақысын төлеуге кетеді. Әрине, отағасы әртүрлі жұмыс істеп, аздаған нәпақа тауып жүр. Бірақ оның өзі бір күн бар, бір күн жоқ. Әйтсе де, олар атқамінерлерден керемет жағдай сұрап отырған жоқ. Тек баспана салып алатын алақандай жер берсе екен дейді.
Автор: Аруна Ортай
13.02.2015
Жеңі қысқарып қалған жейде, тозығы жеткен шалбар... Гүлжауһар балаларын мектепке осы тар киімдермен жібереді. Балағынан балтыры көрінген мектеп формасын 2-ші сыныптағы Ринаты қыңырланбай-ақ киіп барады.
Гүлжауһар Мерейхан, көп балалы ана:
-Балалар деген әдемі-әдемі киініп жүреді, мама. Бізге неге сөйтіп әпермейсің? Мен айтам енді жағдайымызды көріп тұрсың. Кейде түсініп қояды. Мама жарайды енді кие берейінші дейді. Кейде кимей қоятын кездері де бар. Алдап алдап жіберем енді.
Осы киімнің жоқтығынан кішкентай Самал мектепке бір жыл кешігіп барған. Сөйтіп, бала қатарластарынан қалып қойды. Бірақ бармақтай қыз жоқшылықтың зардабын әлі де тартып жүр.
Самал Шаймарданова, қызы:
-«Сенде жоқ» деп жылата береді мені бәрі. Сол кезде сабақ біткен біткен кезде апай оларды қалдырады, жібермей қояды сол кезде.
Сыныптастарының сүйектен өтетін сөздеріне қарамастан, Самалдың сабағы кілең бестік. Балалар аядай ғана бөлмеде кітапқа бас қояды не асық ойнайды. Олардың бұдан басқа ойыншығы да жоқ. 5 баланың үлкені 8-де, кішісі екі жаста. Ал отағасы күн демей, түн демей қара жұмыс іздеп кетеді. Одан тапқан ақшасы да жыртыққа жамау бола алмайды.
Гүлжауһар Мерейхан, көп балалы ана:
-Біреуден пияз, біреуден картоп ұн сұрап алып тамақ істеген күндерім болды. Отырып алып жылаймын. Неге туа бердім екен деймін, бірақ құдай берген баланы не істеймін? Тудым.
Осылай деп мұңайған ана «жағдайымыз керемет болып кетпесе де, бір баспана тұрғызып алатын алақандай жер бұйырса екен» дейді. Жердің кезегіне тұрып та қойған. Сол кезекті олар тоғыз жылдан бері күтіп отыр. Тағы тоғыз жыл тосса да тек жердің бұйырмайтын түрі бар. Өйткені маңайдағы үй соғатын жерлердің бәрі қалталы кәсіпкерлерге сатылып кеткен.
Дәурен Әбдуәли, Ұзынағаш ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:
-Жер жеке кәсіпкерлердің құзырында. Өздері үкіметке тиесілі сомасын құйып, өздері жеке меншікке шығарып, өздері пайдалануда. Өздері бөлуде. Ол әкімшілікке ешқандай қатысы жоқ.
Осылайша, ұлтарақтай жер бұйырмаған отбасы әрі қарай да жәрдемақының арқасында күнелте бермек. Оның өзі – небәрі 8 мың теңге.
-Шаймардановтар отбасы, міне осы қараша үйді паналаған. Үлкен боп көрінгенімен, осы бір ғана шаңырақта бес бірдей отбасы тұрады екен. Оның өзін үйдің қожайыны күн жылынғанда үйді босатсын деп талап еткен. Жығылғанға жұдырық, күн көзі де жылынып кетті. Босағадан босағаны ауыстырып үйренген отбасы енді көшуге келесі кісі босағасын іздеуге мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!