Қарағанды облысында жарық бағасы 30 пайызға өсті
Қарағанды облысында электр қуатының бағасы шарықтап кетті. Өңірдің 90 пайызына жарық беріп отырған «Жезқазғанэнергосбыт» компаниясы жаңа жылдан бастап 30 пайызға дейін көтеріп жіберген. Монополияға қарсы басқарма бұлардың әрекетін заңсыз деп тауып, тарифті белгілеп берсе де, жарық таратушы компания оған пысқырып отырған жоқ. Себебі олар құны қымбаттаған электр қуатының ауылдарға жеткендегі бағасы осы дегеннен танбайды.
Автор: Саят Сабдалы
18.02.2015
Жаңаарқа ауданы орталығының тұрғындары жарық беруші компанияның тірлігіне ренжулі. Өйткені «Жезқазғанэнергосбыт» соңғы 4 жылдың ішінде тарифті 5 рет өсірген. Жергілікті ақсақалдар алқасы қарекет қып, монополияға қарсы басқармаға арызданған екен. Олар да жұрттың пікірімен келісіп жарықтың киловатын 12 теңгеден аспасын деп шешіпті. Алайда, жарық таратушы мекеме оларды пысқырып та отырған жоқ. Электр құнын бірден 19 теңге 50 тиынға көтеріп жіберді.
Қайролла Әбеуов, Жаңаарқа ауданының тұрғыны:
-Ешқандай Қазақстанның тәртібін заңын керек қылмаса біз не болдық сонда?! Өздерінің бағасын қоя беретін болса, бұдан кейін мүмкін 100 теңгеге апаратын шығар. Жалғыз біз емес, басқа аудандарда да осы мәселені қойып жатыр. Бірақ шешілген мәселе жоқ.
Арыз бойынша облыстық прокуратура да тексеріс жүргізіп, тарифтің заңсыз көтерлігенін растаған. Құзырлы орган есебі бойынша осы жылдар ішінде жарық таратушы компания жұртқа 39 миллион теңге қарыз боп шығыпты. Алайда қарызды қайтаруды былай қойғанда, тарифті еселеп жіберген монополистің әрекетінен ауылдағы ағайын қиналып отыр.
Қадислам Рысалдин, кәсіпкер:
-Мен нанмен жұмыс істеп отырмын. Әкім айтады патриот деп. Патриот патриотпен бірақ бізге де күн көру керек қой. Халықтың барлығы орташа жалақымен күн көріп отыр. Жаңаарқа зейнетақы мен жәрдемақыға күн көріп отыр. Ал мынандай тарифті ешкімнің қалтасы көтере алмайды.
Жарық мәселесі бойынша жанжалдасып жүрген жаңаарқалықтардың көбі қазір тұтынған энергияға құн төлеуден бас тартып отыр. Себебі ескертпені елемеген жарық таратушы компанияны монополияға қарсы басқарма сотқа берген. Тұрғындар да сол соттың немен тынарын күтуге бел байлапты. Бірақ оған дейін тарифпен келіспеген жұрттың жарықсыз қалмауына ешкім кепіл бола алмайды.
-Ал жарық таратушы компания өкілдері өздерін монополист емеспіз дейді. Себебі заңдағы нақтылауларға сәйкес энергия шығарушы және оны тасымалдаушы компаниялар монополист, ал бұлар бақылаудағы нарық нысаны ретінде саналады екен. Сондықтан алдыңғы екеуі бағаны көтерген тұста бұлар да еріксіз құн қосуға мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!