Елімізде жемқор министрлердің аты жазылатын парақорлық туралы жаңа пән енгізу ұсынылды
Парақорлық туралы пән! Қостанайлық шенеуніктер еліміздің барлық мектептерінде жемқорлықтың зиянын жан-жақты оқытатын сабақ енгізуді сұрап отыр. Пара түбі темір тор екенін көріп-біліп жүрсе, ақша алуын қоймаған ересектерден мүлдем күдер үзсе керек, атқамінерлер енді күресті білім ұяларынан бастамақшы. Тек бұған ұстаздар үзілді-кесілді қарсы.
Автор: Аруна Ортай
23.02.2015
«Пара» дегенге балалардың бірі езу тартып күлсе, бірі тымырайып төмен қарап отыр. Ал кейбіреуі «атақты» жемқорлардың аттарын тақтада тақылдап айтуда.
- Әли, жемқорлық жаман ба?
- Әрине.
- Несімен.
- Үнсіздік...
Мұндай мысал ретінде кейінгі тұтқындалған министрлерді келтіруде. Тек бастауыш сыныптағы оқушылар тығырыққа тірелген. Жемқорлықтың не екенін көбі білмейді екен. Осындай түсінігі әлі кіршіксіз таза балаларға «Жемқорлық» туралы пәнді оқытуды қостанайлық шенділер ұсынып отыр.
Асхат Ескендіров, Қостанай облысы Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі:
-Жемқорлықпен күресті мектеп пен балалақшалардан бастап жүргізу қажет. Балалар оны мектептеп бастап біліп өссе, болашақта сыбайлас жемқорлықты түпкілікті жоюға болады. Сондықтан, біздер Білім және ғылым министрлігіне арнайы пән енгізу жөнінде ұсыныс жасадақ.
Тек мұндай бастамаға ұстаздардың көбі қарсы. Өйткені олар сабаққа кісен әкеліп, қылмыскерлердің былықтарын балаларға көрсеткісі жоқ.
Рауза Бекболатова, лицей директорының орынбасары:
-Біз балаларға оқыту барысында мысалдар келтіруіміз керек, ия? Қалай мысалға ақшаны алды? Ол ақшаны алу барысында мысалға Ішкі істер министрлігінде істейтін, мысалға біздің қызметкерлер қалай оны ұстады? Қолдарын қалай бұрап жатыр? Қалталарынан қалай алып шығып жатыр?
Шенеуніктер «Жемқорлық» туралы пәнді балабақшадағы бүлдіршін де оқысын деп отыр. Мұндайды естіген тәрбиешілердің төбе шашы тік тұрды.
Людмила Витренко, балабақша тәрбиешісі:
- Жемқорлық» дегенді кішкентай балаға қалай түсіндірмекпіз? Қасық пен шанышқы ұстауды әрең дегенде үйреніп жүрген олар ақша алу, беру, «бармақ басты, көз қысты» дегенді қалай ұғады?...
Ұстаздарды тек Білім министрлігіндегілер жауабы сабасына түсіргендей. Жемқорлыққа бөлек пән арнау әзірге олардың жоспарында жоқ екен. Тек кейбір сабақтарға қосымша ретінде енгізілуі мүмкін.
Жаңабай Әбуов, ҚР Білім және ғылым министрлігі департамент директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
- «Адам және қоғам», «Құқық» пәндеріне белгілі бір бөлімдер және белгілі бір тақырыптарды қамту мәселесі қазір Білім және ғылым министрлігінде қарастырылуда.
Ал балабақшаларда түрлі журналдар таратылады. Онда жемқорлық суретпен сипатталмақ. Тек қылмыскердің рөлінде ақша жеп ұсталған «атышулы атқамінерлер» емес, бейнелі түрде аң-құспен сипатталуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!