Семейде су бағасын көтергісі келетін монополистті қала әкімінің өзі қолдап отыр
Семейде су бағасы екі есе қымбаттауы мүмкін. Тарифті көтеру туралы бастама «Семей су арнасы» мекемесінен шығып отыр. Монополистер осыдан түскен ақшаға тозығы жеткен құбырларды жөндеп, жұмысшылардың жалақысын көтермекші екен. Бұл, әлбетте, тұрғындардың наразылығын тудырды. Бірақ қарашаның пікірімен санасайын деп тұрғандар жоқ сыңайлы. Қала әкімі бастаған шенеуніктердің өзі «Семей су арнасының» сөзін сөйлеп әлек.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
23.02.2015
Семейдегі су құбырларының 80 пайызы ескірген. Сондықтан қаланың әр бұрышында апат жиілеген дейді коммуналдық мекеме басшылығы. Тіпті мәселенің шешілер жолдарын да тауып қойыпты. Жөндеуге қажетті қаржыны олар енді тұрғындардың қалтасынан алмақ. Яғни, тарифті екі есеге көтергелі отыр. Десе де, бұған тұрғындар, әсіресе зейнеткерлер қарсы шықты.
Николай Исаев, зейнеткер:
-Сіздер тарифті біртіндеп көтереміз деп жайбарақат отырсыздар. Тағы басқа қызметтер де қымбаттап жатыр. Жалақы өйтіп тез өспейді. Халықтың қалтасын қаққанды тоқтату керек.
Монополистер жұмысшыларының мардымсыз жалақысын да жұрттың есебінен көтермекші. Өйтпеске амал жоқ деп, тіпті міндетсініп отыр.
Николай Лукин, «Семей су арнасы» МКМ техникалық директоры:
-Жастар біз төлейтін тиын-тебенге нәжіс толған кәріз құдығына кіре ме? Қазір қызметкерлердің дені зейнет жасына жақындаған. Олардың орнына ешкім қалмайды.
Ақша мен үшін емес деп осылай ашуланған компания басшысын қала әкімінің өзі қолпаштап жүр. Монополияларды реттеу департаментінің басшысы да монополистердің жағында екен. Шетелді мысалға келтіріп, шулаған жұртқа ақыл айтып отыр.
Қайрат Оразбаев, ШҚО Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы:
-Қазір 200 теңге кәсіпкерлер төлесе, сіздер 25 теңге төлейсіздер, олар 250 теңге төлейді. Ол да дұрыс емес. Олар сіздерге жұмыс орнын беріп отыр ғой. Кәсіпкерлерді де ойлау керек. Шетелде қарасақ, олар да кәсіпкерлер жарықтың, жылудың бағасын төмен төлейді, халық көбірек төлейді.
Ал бағаны өсіру себебін шенеуніктер әдеттегісінше түсіндірмек болды. Олардың пікірінше, арзан судың сұрауы жоқ. Ал қымбаттаса ешкім бей-берекет шапайды екен. Тұрғындардың қарсылығына қарамай қабылданған жаңа тариф енді алдағы мамырдан бастап қойылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!