Петропавлда әскерде жүрген қарағандылық сарбаз қалай таяқ жегенін айтты
Әскердегі әлімжеттік! Петропавлдағы №6637 әскери бөлімінің сарбазы үлкендерден зәбір көрдім деп шағым айтуда. Сәкен Нәлібаев соңғы кезде қызметтестер күн көрсетуді қойды дейді. Жігіт қазір омыртқасы мен бүйрегі оңбай жараланып, ауруханада жатыр. Ал әскерилер әдеттегідей өздеріне шаң жуытқан жоқ. «Жауынгердің өзі оқу- жаттығу кезінде абайсызда құлап жарақат алды» дейді бөлім басшылары.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
02.04.2015
-Түнге қарай қатты ауырады. Бүйрек іскен, қолда күш жоқ, тартыла береді. Тамақ жей алмай жүрмін.
Қарағандылық Сәкен Нәлібаев әскерге былтыр күзде шақырылған. Содан бері атыраулық екі жігіттен әбден қорлық көрдім дейді. Алғашында бәрін жасырмақ болған. Алайда іс насырға шауып, денсаулығы нашарлай бастағанда туыстарына хабарлапты.
Сәкен Нәлібаев, 6637 әскери бөлімінің сарбазы:
-«Бері кел» деп шақырып алады. Тамақтан ұра бастайды, бастан тебеді, берцымен, табуреткамен ұрады. Бүйректен тұрғызып қояды да кереуетке ұрады екі жақтан.
Бірақ сарбаздың бұл сөзін дәрігерлер жоққа шығарып отыр. Оның денсаулығына ешкім қасақана нұқсан келтірмеген дейді.
Хия Ерденова, Петропавл қалалық №1 ауруханасының бөлім меңгерушісі:
-Оған «бел омыртқасының остеохондрозы» деген диагноз қойдық. Сондай- ақ , бүйрегінде туа бітті ақау бар. Онысы асқынған. Қазір тиісті ем алып жатыр. Ал бұл сырқаттар ұрып соққаннан болды деп айта алмаймын.
Сәкеннің Петропавл ауруханасында жатқанына бір айға жуықтаған. Өздігінен жүріп тұра алмайды. Жүрегі ауыратын анасының халін ойлаған ол жағдайын апасына ғана айтыпты. Әскери бөлімнің басшылығы бар жағдайға жауынгердің өзі кінәлі депті.
Бибігүл Пірманова, Сәкен Нәлібаевтың апасы:
-Айтты «ол жаттығуда құлады, секірді» деп, құлағанда ол жүре алмай қалмайтын шығар.
Әскери басшылық «бөлімде әлімжеттік мүлде жоқ» деп ант су ішіп отыр. Олар сарбаздардың денелерін күніне екі рет тексереді екен.
Ақиқат Жұмаханов, 6637 әскери бөлімінің командирі:
-Оны ешкім ұрған жоқ. Сарбаз оқу-жаттығу кезінде құлап жарақат алды.
Бұған сенбеген сарбаздың туыстары қазір әскери полицияға шағым жазыпты. Ал жаралы жігітті Астанадағы госпитальға ауыстыруды талап етуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары