Сенат бәс тігіп байып жүргендерді тығырыққа тіреді
Бәс тігіп байып жүргендерге тықыр таяды! Депутаттар тұрғын үйлерде орналасқан букмекерлік кеңселерді жаппай жабуды ақыры заңмен бекітті. Бүгін Сенат «Ойын бизнесі» туралы жаңа заңды бірінші оқылымда мақұлдады.
Автор: Жәудір Оразхан
02.04.2015
Сәрсенбай Еңсегенов, Сенат депутаты:
-Ондай бөлек ғимарат салу кез-келген букмекерлік кеңсенің қолынан келмейді. Ол ірі букмекерлік кеңсе болуы мүмкін. Осыған байланысты букмекерлік кеңселердің саны азаяды. Оның саны азайғаннан кейін, оған азаматтардың баруы да азаяды. Қаланың шетінде болса, көп адам бармауы мүмкін.
Құжатқа сай, енді бәс тігетін ойынханалар бөлек ғимарат салып алуы керек немесе жеке нысанды жалға алады. Көпқабатты тұрғынүйлердің астындағы кафе, мейрамханалар мен дүкенде орналасқан букмекерлер жаппай жабылуы тиіс. Ал, жеке ғимарат салып алуға шамасы келмегендеріне жұмысты тоқтатуға тура келеді. Осы арқылы букмекерлік кеңселердің санын азайтып, жұртты құмар ойыннан құтқарамыз дейді депутаттар. Өйткені, елімізде тапқан табысын бәс тігіп тауысатын жастардың саны артуда. Бірақ, депутаттар «Ойын бизнесі» туралы заңнан бірқатар қарама-қайшылықтар анықтапты. Сенаторлар құжатты қорғауға келген Мәдениет министріне «қателеріңді түзеп кел» деп ескерту жасағанымен, кейін оны бірауыздан бекітіп берді. Ал, букмекерлік бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер болса, мұндай шектеуден банкротқа ұшыраймыз деп азар да безер.
Николай Ескендіров, Букмекерлер қауымдастығының президенті:
-Тұрғындар әсіресе КВН ойындарына, «Оскар» сыйлығына жарияланған конкурстың нәтижесіне, тіпті саяси оқиғаларға бәс тігеді. Мұндай ойындар көбіне шағын букмекерлік кеңселерде жүзеге асады. Егер оларға тыйым салынса,онда отандық ойын нарығын ресейлік компаниялар жаулап алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!