Ақтаудағы драма театрды «жезөкшелер мекені» деп атаған актрисаны әріптестері сотқа бермек
Маңғыстаулық актрисаның мәлімдемесі оның әріптестерінің отбасындағы жанжалға түрткі болды. Енді олар өнер ошағын «жезөкшелер мекені» деп атаған Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық драма театрының бұрынғы әртісі Дина Ахметжанды сотқа бермек. Ол театр директоры басты рөлдерді және пәтерді онымен төсектес болған актрисаларға ғана береді деп айтқан. Осы сөзден кейін отбасымыздан береке қашты деген ұжым енді Дина Ахметжаннан ел алдына шығып, кешірім сұрауын талап етуде.
Автор: Сандуғаш Шортанова
17.04.2015
-Жалпы, сол күйеуге көзді жұмып қойып, ерте шыққан дұрыс па деймін. Әсіресе, біздің заманда...
Эльмира Керімбаева театрдан өткен жылы пәтер алған. Ал бұрынғы әріптесі Дина Ахметжанның пәтер мен рөл театр қыз-келіншектеріне «төсектегі өнері» үшін беріледі деуі абыройымды айрандай төкті дейді.
Эльмира Керімбаева, актриса:
-Маған ашықтан ашық телефон соғып, сен пәтерді төсек арқылы алған екенсің ғой. Бәсе, адам басқаша қалай пәтер алуға болады. Осындай сұрақтар келеді. Ал мен әлі тұрмысқа шыққан жоқпын.
Ал келіншектер осы сөзден кейін шаңырағымыз шайқалды деп шағымданады. Анар Бисенбина – 5 баланың анасы. Үлкені 15-тен асқан. Көпбалалы ана бұрынғы әріптесінің айыптауынан кейін балаларының бетіне қараудан қалыпты.
Анар Бисенбина, актриса:
-Сонда мен сахнада жезөкше болып қызмет атқарамын ба? Ел не дейді, жұрт не дейді? Біз сонда 12 жыл осындай іспен айналысыппыз ба? 12 жыл бойы неге ұстап бермедің бізді?
Театрдағы ер азаматтар да намысымыз жерге тапталды дейді. Өйткені, олардың араларында жұбайларымен бір сахнада өнер көрсетіп жүргендері жетерлік.
Медғат Өмірәлиев, актер:
-Өткенде бір әңгіме естідік, біреу айтады дейді: қой бүгін қандай спектакль болады екен, жезөкшелерді көріп қайтайық, деп айтады дейді көрермен. Сонда бұл қалай болғаны?!
Ал Дина Ахметжан айтқанынан танбай отыр. Мәдени орынды «жезөкшелер мекені» деуден жалықпады. Ол директорға ашына болмағаным үшін жұмыстан қуып, қызметтік пәтерімді тартып алды деп әлі өкпелі.
Дина Ахметжан, актриса:
-Мен айтқан сөздерімнен бас тартпаймын. Айтқан сөздерімнің барлығы рас. Театрда рөлдерді сүйікті актрисаларына беретінін растаймын.
Енді театр ұжымы Динадан айтқан сөзін жоққа шығарып, ресми түрде кешірім сұрауын талап етеді. Әйтпесе, бұрынғы әріптесін сотқа бермек. Ал Дина Ахметжан айтқан сөзіме дәлелдерім жеткілікті дейді. Бірақ нақты қандай дәлелі барын айтпады. Тек сотта көрсететінін жеткізді. Демек, бұл сахна шымылдығы сыртындағы дау әлі бітпейді деген сөз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!