Балшық кешіп жүрген Көкшетау тұрғындары Кулагинге өкпесін айтты
Көктем шықса Көкшетаудың шеткі аудандарының тұрғындары толарсақтан саз кешіп жүруге мәжбүр. Жылда қайталанатын түйткілден жауыр болған жұрт қазір кімге шағым айтарын білмейді. Барған бастықтары бір-біріне сілтеп, тұрғындарды пұшайман қылған. Ми батпаққа айналған көшеге жедел жәрдем деп аттап баспайды екен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
20.04.2015
Бұл - Көкшетаудың ең көне ықшамауданы. Ондаған жыл осында тұратындардың өзі көшелердің қашан жөнделгенін есіне түсіре алмайды. Соңғы кезде ерсілі-қарсылы жүретін көлік көбейгелі жолдың тіпті миы шығып жатыр.
Оразбек Сұрағанов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Қалаға көшіп кеп келген едік, қаланың жағдайы мынадай. Құм әкеп төксе ештеңе жоқ қой. Депутат бір Толкаев дегенді сайлағанбыз, оны көргеміз жоқ. Дауысты бекер беріппіз, ендігі депутатқа дауыс беруге де болмайды.
Қала тіршілігінен шеттеу тыныш ауданда әсіресе, соғыс және тыл ардагерлері тұрады. Майдангерлер мертігіп қалмайық деп, жер құрғамайынша көшеге шықпайтын болған.
Михаил Калинин, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Ешкімге ештеңе керек емес. Жедел жәрдем шақырсаң келе алмайды. 30 жыл тұрамын осы жерде. Облыс әкімі Кулагинге де айтқанмын. Ол ауызбен ғана айтады, қолмен істемейді.
Батпақ кешіп жүрген 8 көшенің тұрғындары асфальт емес, қиыршық тас төсеп берсе де дән риза болар едік деседі. Алайда оның өзіне жуырда қол жеткізе алмайтын тәрізді.
Абай Қадырәлиев, Көкшетау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Қиыршық тас дей ме? Мен айтып тұрмын ғой 7 миллион теңге оған бөлінгені. 70 миллион теңге болса бір сәрі. 7 миллион бір көшеге тас төсеуге ғана жетеді. Мен қайдан аламын. Егер қосымша ақша бөлініп жатса, қарастырамыз.
Бұл ауданнан қазір қоқыс шығарудың өзі мұң. Арнайы көліктер тұрмыстық қалдық салынған жәшіктерге жете алмайды деп шағымданады коммуналдық мекемедегілердің өзі. Әкімдік осылай ауызын қу шөппен сүртіп отырғанда, тұрғындар енді кімге шағым айтарын білмей отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!