Қарағанды облысында тұрғындарды тасқыннан кейінгі үйлерінің сиқы шошытты
Қарағанды облысындағы су шайған Садовое ауылының тұрғындары баспаналарына оралды. Алайда 8 күн бойы көрші Гагарин ауылынының клубында күнелтіп келген жұрт баспаналарының жайын көріп жағаларын ұстап отыр. Кей үйлердің қабырғалары опырылса, аман қалғандарында аяқ алып жүру мүмін емес. Тұрғындар баспананың астындағы су ағып, сызы кеппейінше уақытша тұрақтан шығарып жіберген атқамінерлерге өкпелі.
Автор: Саят Сабдалы
20.04.2015
-Ресми ақпараттар бойынша, қазір Қарағанды облысында 250-ге тарта үй судың астында қалып отыр. 4 мыңға тарта адам уақытша баспаналарда күнелтсе, 8 мыңға жуық тұрғын өз үйлеріне оралған. Алайда мына үйлерді қазір баспана деп айтуыға ауыз бармайды.
Өйткені алты күн суда тұрған үйлерде едендер борсып, қабырғалары сызданып, жертөлелері суға лық толып тұр. Дүние-мүлік малмандай су болған үйде жарық та жақын арада қосылмайды. Өйткені шылқылдаған қабырғаларды былай қойғанда, тұрмыстық техниканың өзі суға толып кеткен.
Ауылдағы 80-нен аса отбасы далаға көрпе төсегін кептіріп, есік алдында ауқаттануға мәжбүр. Ер азаматтар тасқын әкеп тастаған отынды тасып жүр. Судан пеші аман қалғандардың үй іші көк түтін. Себебі бойына су сіңірген отын бықсып, сыз тартқан үйді кептіру былай тұрсын көзден жасты ағызады. Малмандай су болған көрпе-төсектің арасынан күл қоқыспен қоса балықтар да табылып жатыр.
Әбдірәсүл Күрішхан, Садовое ауылының тұрғыны:
-Осында жатыңдар деп кеше қоя берген. Шатырдың үстінде жаттық түнде екі баламмен. Екі бала қалада жатып келді. Енді қайтіп тіршілік ететінімізді білмейміз. Жаңа далаға шай ішіп отырмыз көздерің көрді. Су бар, отын жоқ. Бізге көмір бірдеңе көмек бола ма деп ек, ол да жоқ.
Ал мына үйді кептіру түгілі ішіне кіруге ел қорқады. Себебі қабырғасы опырылып, іргелерінде сызат пайда болған үйге аттап басу қауіпті.
Гүлжазира Қапайқызы, Садовое ауылының тұрғыны:
-Қазір үйдің жағдайы кіруге келмейді, құлап кеткен. Үш күн болды жалынып жатырмын, көріңдерші мына үйді панасыз қалдым деп. Кішкене балам бар 3-4 мысалы. Содан жататын жер жоқ, Анау Ленинск деген жерде біреудің үйінде бір қора адам жатырмыз. Анадан бері 10 күн далада жатқанымыз аз болған жоқ.
Жалпы, Қарағанды облысындағы су басқан ауылдардағы жағдайдың барлығы да осы шамалас. Суда қалған ауыл тұрғындары әлі босып жүрсе, суы кеткен ауылдар енді тасқынның салдарымен алысып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары