Өскеменде ұстаздар дене шынықтыру сабағын далада өткізуге қарсы шықты
Түтіннен төнген қауіп! Өскеменде ұстаздар оқушыларды жаппай қорғауға кірісті. Олар мектептегі дене шынықтыру сабағы далада өткізілмесін дейді. Өйткені қалада білім ошақтары мен мүйізі қарағайдай зауыттар бір-біріне өте жақын орналасқан. Ал тараған түтін оқушылардың тынысын тарылтып, түрлі ауруларға шалдықтырып жатыр дейді мұғалімдер.
Автор: Аруна Ортай
22.04.2015
Дәрігерлерден бұрын дене шынықтыру мұғалімдері дабыл қағып отыр. Енді олардың баланы далада жүгірткісі жоқ. Өйткені сабақ кезінде оқушылар жаппай көк түтінге тұншығып, біраз зәре-құтын ұшырған. Ащы жөтел, әсіресе, бастауыш сынып балаларын әлсіреткен. Салдарынан, сабақты үзуге тура келеді. Зауыттардан тараған түтін көзден жас шығарып қана қоймай, басты да ауыртады. Балаға жаны ашыған ұстаздар енді бірауыздан дене шынықтыру сабағын далада өткізбейміз деп отыр.
Ирина Мосьпан, мектеп мұғалімі:
-Бала көз алдымызда қиналып жатады. Оған қалай қарап тұрмақпыз. Түтінге тұншықтыратын жайымыз жоқ. Сол себепті, сабақты енді тек залда өткіземіз.
Зауыттардың түтінінен оқушылар ғана емес, маңайдағы тұрғындар да зардап тартқан. Өйткені, өңірдегі алып өнеркәсіптің бәрі қала ішінде. Күкірт ангидриті, мышьяк сынды улы заттар үнемі түтінмен таралады. Сол себепті бұдан былай көк түтіннің көрсеткіші жайлы смс-хабарламалар жіберіліп отырмақ.
Бақытжан Қанапиянов, Дене шынықтыру орталығының директоры:
-Яғни түтін мөлшері шамадан асқанда, балаларды мектептен шығармайтын боламыз. Тұрғындардың да далада жүруі шектеледі. Хабарламалар алдын-ала жіберілетін болады.
Шәкірттерінің денсаулығына алаңдаған ұстаздар енді түтін басса болғаны, сабақты дереу тоқтатады. Тек бұл жағдай балаларға ауыр тиіп тұр. Өйткені олар дене шынықтыру сабағында бұрынғыдай емін-еркін асыр салып жүре алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары