{metadescription}
Алматы облысының 105 жастағы тұрғыны 25 жылдан бері баспанасын ала алмай жүр
Алматы облысының 105 жастағы тұрғыны 25 жылдан бері баспанасын ала алмай жүр

Алматы облысының 105 жастағы тұрғыны 25 жылдан бері баспанасын ала алмай жүр

105-ке келсе де, тиесілі баспанасына қолы жетер емес! Алматы облысының ең кәрі тұрғыны – Ожан Жұртышева кезегі келіп тұрса да, үйсіз қалып қойған. Кейуана Қапшағайда пәтер кезегіне осыдан 22 жыл бұрын 7-ші болып тұрған екен. Бірақ содан бері талай кезек өтіп, талай адам баспаналы болған. Тіпті таяуда қалада 137 пәтерлі қос үй пайдалануға беріліпті. Алайда одан да қарияға түк бұйырмады.

- Арша етім арша болып, борбай етім борша болып, ішкен тамақ та жоқ. Кішкене сорпаға тойып  жүре береміз.

Тыл ардагері Ожан Жұртышева алдағы маусым айында жүз бесінші туған күнін атап өткелі отыр. Кезінде соғыс қасыретін де бір кісідей тарқан. Күйеуінің артынан қара қағаз келіп, қара жұмысқа жегілгені де әлі есінде.

Ожан Жұртышева, тыл ардагері:

-Соғыс кезінде, шырағым, дүниеде өгізбенен қарағайды жыққан қиын екен. Оны да жықтым. Кертіп кертіп, арқанмен сүйреп кел дейтін. Істеген еңбегім бар. Маған бір үй тиетін-ақ жөні бар ғой!

Ғасырдан аса ғұмыр кешкен кейуананың реніші де осы. Қария Қапшағай әкімдігіне қапалы. 93-ші жылы осы қалада 7-ші болып пәтер кезегіне тұрған екен. Содан бері 22 жыл өтсе де кезек небәрі екі адамға ғана жылжыпты.

Ұлжалғас Омарова, қызы:

- Мен департаменттің табалдырығын тоздырып біттім. 93-ші жылы арыз бергенбіз. Құжат жоғалып кетті деп, 2005 жылы қайта тіркеуге алды. Содан бері, отбасымызда 9 адам бар, барлығымыз бір туымысымыздың үйінде тұрып жатырмыз.

Әкімдік уәде еткен үй осы. 137 пәтер қаңтарда пайдалануға берілген. Бірақ кезегі тұрып қалған қартқа бұдан бір баспана бұйырар емес. Ал қапшағайлық шенеуніктердің жауабы тым қатқыл. Ғасыр жасын жасаған анаға қажет болса, тағы 100 жыл күтсін дегендей сыңай танытып отыр.

Ербол Серікбаев, Қапшағай қалалық Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Менің басқа жұмысы жоқ дейсіңдер ме?! Уақытымды алып отырсыңдар! Жаңа үйге ілінбеуінің себебі – биыл оның алдындағы екі ардагерге ғана үй берілді. Күтсін. Жасына қарап та кезегін жылжыта алмаймыз!

Әкімдік өкілі айтқандай, Ожан әжеге тағы күтуден басқа амал жоқ. Бірақ ұзақ ғұмыр кешудің сырын білетін қария қалайда Қапшағайдан пәтер алмай кетпек емес.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде