Астанада туған ұлын Тойотаға айырбастаған келіншек үкімді естігенде жылап жіберді
Туған ұлдан Тойотаны артық көргендер ұзақ мерзімге темір торға қамалды. Бүгін Астана соты ерлі-зайыптыларға 7 жыл үкім кесті. Себебі тасбауыр келіншек күйеуімен сыбайласып жаңа туған шақалағын көлікке айырбастамақ болған. Бірақ қылмыс үстінде қолға түсті. 3 ай тергелген атышулы іс бүгін небары 3 сағатқа созылды. Ал үкімді естігенде, туған баласынан безінген әйел жылап жіберді.
Автор: Ербол Сейілхан
22.04.2015
Жаңа туған ұлын саудаға саламын деп күллі елге аты шыққан жас жұбайлар осы. Құрсағын жарып шыққан сәбиін сатып байымақ болған ана да не істеп қойғанын енді түсінгендей. Бірақ қаңтар айында ойына түк кірмеген еді. 3 ай бұрын Любовь Түкенова перзентханадан шыққан бойда, құндақтаулы бөбегінен құтылуға асықты. Алайда «тірі тауарды» күйеуімен бірге Тойотоға айырбастап жатқанда қолдарына кісен салынған болатын.
- Сіздің адвокат шақыруға сөйлемеуге құқыңыз бар. Себебі түсініктемеңіз сотта өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін.
Жас отбасының интернетке жариялаған хабарландыруын полицейлер оқып қойыпты. Сөйтіп сатып алушының кейпіне тәртіп сақшылары енген. Енді олар сайт модераторын жазалмақ ойда. Іске аспаған саудадан соң 4 келі боп туылған балпанақтай ұл қазір Астанадағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Туған бөбегінен безінген ерлі-зайыптылар жайлы тұрмыс іздеп Өзбекстаннан келген екен. 25 жастағы безбүйрек ана Өзбекстан азаматы. Ал 29 жастағы күйеуі өз отандасымыз. Осылайша, 3 миллион теңгенің Тойотасын мінбек болғандар түрмеден бір шықты.
Иван Керн, судья:
-Любовь Түкенова, Аманбек Түкенов кінәлі деп танылып 7 жылға бас бостандықтарынан айырылсын. Дүние-мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтесін.
Мұндай үкімді күтпесе керек келіншек жылап жіберді. Тіпті судьядан аяқасты қалған баларының тағдырына алаңдайтынын айтты.
-Олар үшін қам жемеңіз. Мемлекет асырайды.
Ақшаға құныққан бұл екеудің балаға қысастық жасағаны тек бұл емес. Үлкен қыздары 8 жылдан бері жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатыр екен. Ал 4 жасар ұлы Өзбекстанда туыстарының қолында. Бүгін ұлы мен келінінен көңілі қалған шешесі соттан оларды қарғап шықты.
-Ал әке-шешесі безінген ұлға 3 ай толған. Балалар үйіндегілер оған Арман деген есім беріпті. Дені сау, жетілуінде кінәрат жоқ бала енді басқа отбасының асыруына берілуі мүмкін. Ал ерлі-зайыпты Түкеновтердің адвокаты апелляциялық шағымнан бас тартты. Сондықтан тасбауыр ата-ана бірден абақтыға жіберілетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!