Алматыда өрт сөндірушілер жол бермейтін жүргізушілердің дөрекілігіне наразы
Кептелістің кесірі! Көлік саны миллионнан асқан Алматыда шұғыл қызметтердің жұмысы шұғыл болмай тұр. Әсіресе жедел жәрдемнің, өрт сөндірушілердің дер кезінде жетуі қиын. Бұған бірінші кезекте қаптаған көлік жүргізушілері себепкер дейді шұғыл қызмет өкілдері. Дабылын қосып келе жатса да жолға таластыратындар көп. Мұндай дөрекілікке шұғыл қызметпен бірге жолға шыққан тілшіміз Құралай Пионер де куә болды.
Автор: Құралай Пионер
13.05.2015
Ресми есепке қарағанда, Алматыда, келіп-кетімі бар, күнделікті миллионнан аса көлік қатынайды екен. Әрине, соның барлығы ұзын-сонар кептеліске себеп.
Бәрінен де кептелістің кесірі шұғыл қызметке кедергі. Әсіресе, 101-ге. Көліктің көптігінен де олардың өрт сөндіруге кешігуі жиілеген. Бұған соңғы кездері базарлардың түгі қалмай жанып жатқаны мысал. Оның үстіне, жүргізушілердің де жол бере қоюы сирек.
Дөрекілікке біз де куә болдық. Арнайы көлік дабылын елеп жатқандары аз. Керісінше, соны пайдаланып, жолда жанталасып жүр. Сондай пысықайлардың бірі өрт сөндіруге асыққан көлікке соғылды. Сөйтіп, құтқарушылардың жолы тағы біраз тежелді.
Самат Құдайбергенов, Алматы қалалық ТЖД аға инженері:
- Кептеліс кезінде арнайы өрт автомашиналарының өрт ошағына баруға көп кедергісін тигізеді. Әсіресе, жекеменшік көліктердің жүргізушілері. Кептелістегі әрбір кеткен уақыт өрттің әрі қарай өршуіне әкеліп соғады.
Жүргізушілердің немқұрайдылығына 103 қызметі де ренжулі. Науқасқа асыққан көлікке мұнда да жол бере қоятындар аз. Бұл аздай, аула біткеннің бәрі көлікке толып тұрады.
Нұржан Жәкімбаев, Алматы қалалық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:
-Бұрын бір жағдай болған. Біздің көлікке жол бермей бір жігіт, былай да, былай да кескектеп өтеді. Сонда да біздің көлік шақыруға дер кезінде жетеді. Сөйтсе, әйел кісі жаңағы жігіттің шешесі екен. Жол бермеген жігіттің. Ол өз қатесін түсінді.
Десе де жүргізушілер ешбір кедергісіз жол бере салатын арнайы қызмет те бар. Ол, әрине, жол патрульдік полициясы.
Еркін Өтегенов, Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
-Заңмен нақты бекітілген талаптар бар. Жол ережесінің 6/2 деген бабы. Бұл қызыл мен көгін жағып келе жатқан арнайы көлікке міндетті түрде жол беру деген талап. Біріншіден жедел жәрдем, екіншіден өрт сөндіру қызметі. Оның ішінде полиция қызметі де бар.
Тек бұл талап көп жағдайда орындалмай қалады. Өйткені полиция жедел көмек пен өртке асыққандардың қасынан күнде табыла бермейтіні анық. Сондықтан кептелістен зәрезап болған қызметтер әрбір жолдың оң жолағы өздеріне арналса деген ұсыныс айтып, оны Үкіметке жолдамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!