Шынар мұнай-газ кенішіндегі жұмысшылар осымен үшінші күн наразылық білдіріп жатыр
Батыс Қазақстан облысының Шынар мұнай-газ кенішіндегі жұмысшылар осымен үшінші күн наразылық білдіріп жатыр. Осындағы мердігер компания – «ҚазСтройСервистің» құрылысшылары жалақыны көтеріп, экологиялық жағдайға байланысты вахталық жұмыс тәртібін өзгертуді талап етуде. Жүзден астам адам тіпті басшылық мардымды жауап бергенше жұмысты да дұрыс істемейміз деп отыр.
Автор: Олжас Байжан
13.05.2015
«ҚазСтройСервис» компаниясының жүзден астам жұмысшысы жұмыс орнында. Бірақ іс тоқтап тұр. Ауыр жұмысқа жегілген жұрт 11мамырда жалақыны көбейту туралы нақты талап қойды. Олар бұл шараға амалы қалмаған соң барғандарын айтуда.
Берік Камиев, жұмысшы:
- Айына алатын еңбекақымыз 58-59 мың. Менің айтып тұрғаным ең үлкен еңбекақы. Ең кішісі 43 мыңға дейін барады. Онымен біз семья асырай алмаймыз. Басшылардың барлығы оны жақсы түсініп отыр.
Наразы жұрт айлықтың мардымсыздығынан өзге де мәселелерді көтерді. Мысалы, мұнда экологиялық ахуал мүшкіл. Күкірттің шамадан тыс бөлінуінен зардап шегетін жұмысшыларға қосымша ақы да төленбейді екен. Ал басшылыққа жолданған өтініштерге бірде-бір жауап келмеген. Сондықтан олар осындай шараға бел буыпты.
Ерік Хасанов, жұмысшы:
– Осындай әрекетім үшін мені жұмыстан шығаратын шығар. Мен одан қорықпаймын. Егер істеген ісіме лайықты жалақы алсам ғана өкінер едім. Бірақ 67 мың ғана аламын .Сондықтан маған бәрібір.
Шынар мұнай-газ кен орнының жұмысшылары былтыр қарашада да бас көтерген еді. Ол кезде прокурорлардың араласуымен тараптар мәмлеге келген. Бірақ бұл жолы жағдай наразылықпен шешіле қоймайтын сыңайлы. Бірде-бір өтініштің бірден орындалмайтынын мекеме басшылығы кесіп айтты.
Ермек Меңдіғалиев, UF KSS компаниясы директорының орынбасары:
– Тек бірінші маусымнан бастап 5 пайыз ақша қосылатындығы айтылды. Одан басқа өзгерістерге жағдайымыз жоқ. Себебі, жобаның жұмысы енді ғана басталып жатыр, қазір тек құрылыс жұмыстары атқарылуда. Сондықтан қосымша сыйақы төлеу мәселесі көтерілмейді.
Таңертең жалақы көтерілгенше жұмысқа шықпаймыз деген жұрт түс қайта алған бетінен қайтып, шаруаларын атқаруға кірісті. Дегенмен, олар құзырлы орындарға шағым хатын жолдап қойды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!