Павлодарда 133 миллион теңгеге жөнделген көпірдің ортасы ойылып қалды
Апат көлік көп жүретін кешкі мезгілде болған. Қайта, зардап шеккендер жоқ. Қазір тереңдігі 6, ал ұзындығы 3 метр болатын шұңқыр қоршалып, көпірдің бір жақ бөлігінде көлік қозғалысына шектеу қойылған. Ал арнайы комиссия апат себептерін анықтауға кірісіп кетті.
Автор: Әйгерім Шакаманова
13.05.2015
Дәл осы жолмен шаһарға жүк таситын және жеңіл көліктермен бірге, трамвайлар да қатынайды. Ал былтыр ғана қыруар ақшаға жөнделген көпірдің бүгінгі жағдайы мынадай. Оның асфальті опырылып түскен уақытта көліктің көбейетін кезі болған.
Виталий Михайлов, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Былтыр ғана жөндеуден өткен көпірдің түрі мынау. Жаңартып, қауіпсіз етіп береміз деп уәде еткен. Көз алдымызда опырылып түсті. Түсіп кетпегенімізге шүкір.
Жағдайды естіген қала басшысы Болат Бақауов та қоластындағы қызметкерлерімен бірге оқиға орнына дереу келіп жетті. Алайда бұлардың шағымданған жүргізушілерге еш айтары болмады. «Жөндеу жүргізген біз емес» деп ақталумен ғана шектелді.
Ержан Иманзайыпов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:
- Жөндеу жұмыстарын жүргізген біз емес. Жоба бойынша көпір емес, оның жоғарғы бөлігіндегі жол жөнделуі тиіс болған. Ал апаттың нақты себебі әзірге белгісіз.
Десе де, мамандар оқыс оқиғаға жол төсемесі астында орналасқан кәріз құдығынан кеткен су себеп болуы мүмкін деген болжам жасады.
-Былтыр апатты жағдайда деп танылып, бес айға дейін жабық тұрған көпірде қарағандылық компания жөндеу жұмыстарын жүргізген еді. Оған 133 миллион теңге жұмсалған. Қазір осы аумақта қозғалысқа шектеу қойылып, оқиға орнында мамандар жұмыс істеуде. Ал оқыс оқиғаның нақты себебін арнайы комиссия анықтамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!