Қожамжаров парамен байыған шенеуніктердің табысын атады
Қайрат Қожамжаров парамен байып жатқан лауазымды шенеуніктердің айына қанша табыс табатынын айтты. Жемқорлармен күресетін орган басшысы, атқамінерлердің өздері басқаратын қылмыстық топтардың барлық саланы жемтікке айналдырғанын жасырған жоқ. Әсіресе, бюджетке миллиардтап кіріс түсіру тиіс кеденде былық көп.
Автор: Жәудір Оразхан
19.05.2015
Қайрат Қожамжаров, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы:
-Кеден саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты да тыя алмай отырмыз. Кеден бекеттерінде 5 мыңнан бастап айына 2-3 миллион долларға дейін пара алатын мемлекеттік қызметкерлер бар. Бұл – шетелдіктердің, туристер мен көршілеріміздің алдында Қазақстанның имиджіне келіп жатқан нұқсан.
Параны көлемі 3 миллион долларға жетті деген мәлімет бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы кеңес мүшелерін шошытты. Оның үстіне елімізде құлқыны кең шенеуніктердің жемқорлық жолмен тапқан табысы күн санап өсуде. Соңғы 5 айда Ақтөбе, Қызылорда, Солтүстік, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарындағы түрлі саланың басшылары түрмеге тоғытылған. Әсіресе, ауызбастырық алудан Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Мәселен, аймақтағы Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы мектеп мұғалімдерін ай сайын қанап келген. Ұстаздар ай сайынғы жалақысынан кем дегенде 12 мың теңгені басшыларына жинап береді. Сондықтан бүгін кеңесте бюджет ақшасын ұрлайтындарды абақтыға жабумен жемқорлықтың азаймайтынын айтқандар, жазаны күшейту туралы бастама көтерді.
Қайырбек Сүлейменов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы:
-Бізде шенеуніктерді жауапқа тартудың тәртібі мен механизмі мүлдем жоқ. Егер облыс, аудан, ауыл басшылары мемлекеттік бағдарламаны құрдымға жіберсе, не ұрлық жасаса бірден түрмеге қамаймыз. Не болмаса жұмыстан шығарып жібереміз. Ал, келген шығынға ешкім жауап бермейді. Біз осы мәселені шешуіміз керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!