Назарбаев біраз билігін Үкімет пен Парламентке бөліп бермек
Астананың саяси орталығы уақытша Бурабайға ауысты. Елордадан 220 шақырым жердегі курортты аймақта бүгін ТМД-ға мүше мемлекеттер премьер-министрлерінің кездесуі өтті. Саммитке 7 елдің Үкімет басшыларының өздері қатысса, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстанның премьерлері орынбасарларын жіберген. Жиынға қатысқан Назарбаев, президенттік билігін әжептәуір шектегелі жатқанын мәлімдеді. Ал ресми отырыстан соң меймандарға Елбасы Бурабайда жақсылап демалып, казино ойнауға да кеңес берді.
Автор: Ербол Сейілхан
29.05.2015
Есілдің сол жағалауын Бурабайға ауыстырған еліміздің саяси элитасы түгел курорттық аймақта жүр. Осы бес жұлдызды қонақүйде ТМД-ға мүше мемлекеттер премьер-министрлерінің кездесуі өтіп жатыр. Әдеттегідей Астанаға емес, табиғат аясына кеңесуге келген Үкімет басшыларын Қазақстан президенті сол жерде қабылдап, сөз сөйледі. Назарбаев, тіпті күтпеген жерден өз билігін шектеп, Үкімет пен Парламент құзырын кеңейткелі жатқанын мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазірге дейін бізде президенттік билік болып келді.Салмақты вертикаль, мықты президенттік билік. Орта санаттың өсіміне қарай, оны бәсеңдетіп, үкіметтің өз бетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек шығар және парламентке көбірек құзырет беру керек.Ал бүгін жұма ғой? Жұма. 2 күнге қалып демалуларыңызға болады. Казино ойнауға болады мәселен.
Бұл ұсынысты премьерлер қуана қабылдады. Десек те, ТМД-ның ішінде өзара түсінбестік көп. Мәселен, бұл ұйымнан шыққалы отырған Украина тарапынан саммитке ешкім келген жоқ. Киев Молдовамен бірге Еуроодаққа ұмтылса, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан Еуразиялық Одақ боп бірікті. Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан интеграциядан бойларын аулақ ұстап әліптің артын бағып отыр. Тарыдай шашырап, ұстанған бағыты әртүрлі болғанымен құдайы көршілер бір-бірінен бөлектене алмайтыны тағы бар. Себебі жағрафиялық орналасуы сондай. Сондықтан бүгін түрлі саладағы қатынасты нығайтатын 20 құжатқа қол қойылды.
Ресми келіссөздер біткен соң премьер Кәрім Мәсімов шетелдік әріптестерін Бурабаймен ғана емес, қазақтың этноауылымен де таныстырды. Мәртебелі меймандарға қазақтың беташары, тұсау кесу рәсімі көрсетіліп, шашу шашылды. Оны теріп алғандар кейін ұлттық әндерді тыңдады.
Бұл көріністен ерекше әсер алса керек, Ресей Үкіметінің басшысы Дмитрий Медведев қыран ұстаған қазақ жігітін суретке түсіріп интернеттегі парақшасына салып үлгеріпті.
Қысқасы, премьер-министрлердің іші пыспайды. Алдағы демалыс күндерін пайдаланып, Арқаның кербез сұлу Көкшетауында суретке түсіп, казинода ойнап, суға шомылып ,тынығуға уақыты бар. Айтпақшы, саммитте Вьетнам Еуразиялық Одақпен еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!