{metadescription}
Мәжіліс отырысынан қашпақ болған Досаевты спикер ұстап алды
Мәжіліс отырысынан қашпақ болған Досаевты спикер ұстап алды

Мәжіліс отырысынан қашпақ болған Досаевты спикер ұстап алды

Мәжіліс отырысы  бітпей жатып залдан «қашқан» Досаев спикерден сөз естіді. Еліміздің ең басты қаржылық құжаты бюджет талқыланып жатқанда Ұлттық экономика министрі орнынан тұрып, жөнімен кете барыпты. Осындай жауапкершіліктің аздығынан былтыр 400 миллиард игерілмей, шоттарда бос жатып қалған. Бұл Орта Азиядағы кей мемлекеттердің тұтас бір бюджеті. Спикерден бастап ашуға мінген депутаттар бүгін қазына қаржысын шенеуніктердің өздері қымқырып жатыр деп айыптады.

Үкімет мүшелері де бүгін мектеп түлектері сияқты Мәжілісте мемлкеттік бюджет бойынша емтихан тапсырды. Қазына қаржысына тікелей жауапты министрлер жазып келген есебінен бас көтермейді, дайындық үстінде. Ал, енді бірі миллиондарды қайда жұмсағанын жатқа білсе керек,  алаңсыз, депутаттардың көңілін аулап жүр.

Қаржы министрінің есебіне сенсек, былтыр бюджеттің әр тиыны орынды жұмсалған. Табыс 6 трлн.теңге, ал шығын 7  трлн. асыпты. Бірақ, мәжілісмендердің өз мәліметтері бар. Мәселен, былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстан бойынша небары 5 қабатты жалғыз үй салыныпты. Ал, елімізде 300 мыңнан астам отбасы баспана кезегінде тұр.

Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:

-Индустриялық бағдарламаны алайық, 770 жобаның 458 жалпы толық жұмыс істемей отыр. Кейбір жобалар театрдағы спектакль сияқты. Ашылады да, қол шапалақтап қайта жабылады.Мына бюджеттен ұрланатын қаражаттың небір жолын тауып алған шенеуніктер. Ол: жалған кәсіпкерлік, мемлекеттік сату арқылы ұрлау.

Коммунист Косарев болса, Ауыл шаруашылығына бөлінген қыруар қаржыға алаңдаулы. Бұл сала күн санап кері кетіп барады деп шырылдап еді, Мамытбеков оның өзін мұқатты.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Косаревтің пікірі күнде өгереді ғой. Не айтқысы келетінін  анықтап алсын әуелі.

Ал, Экономика министрі жиын аяқталмай жатып, еш ескертусіз кетіп қалды. Бұған шамданған спикер қатты кетті.

Қабиболла Жақыпов, Мәжіліс төрағасы:

-Сағынтаев,мен қарап отырмын. Біреу кіріп жатыр, екіншісі шығып жатыр. Бұл сұрақты мүмкін күн тәртібінен мүлдем алып тастармыз? Мына Досаевта жоғалып кетті. Не бұл сонда?

Депутаттар ұлттық компания қызметкерлерінің қыруар жалақысын да қозғады. Мәселен, «Самұрық Қазына» менеджерлері айына 1 жарым млн. теңге алады екен. Премьердің орынбасарының айтуынша, талантты мамандар бұдан төман жалақыға келіспейді.

Мұхтар Тінікеев, Мәжіліс депутаты:

-Бақытжан Әбдірұлы, ұлттық компанияларда кімдердің отырғанын білесіз бе? Кеше ғана Болашақпен оқып келгендер мен шенеуніктердің туыстары. Өңкей сорлылар пайдасы жоқ. Олардың тіпті бассейініне дейін мемлекет төлейді. Тағы 1 жарым млн жалақы алады. Сізге 500 мың теңгеге жұмыс істеуге келісетін ондаған жас маманның аты-жөнін атап бере аламын.

Осылайша, депутаттар бюджеттің әр тиыны қайда жұмсалғанын сұрап, министрлерді үш сағат бойы сұрақтың астына алды. Алғаш рет Үкіметке азуын көрсеткен спикер Жақыпов сабаққа дайындалмай келген оқушы құсап залдан қашпақ болғандарды қатты ұялтты. Тіпті тәртіпсіз атқамінерлерді премьер Мәсімовпен қосып шақырамыз деп зекіді. Ал қазына қаржысын ұқсата алмаған шенеуніктерді жазалау бұдан-былай заңмен бекітілмекші.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде