Алматыда көлік қоятын жерлерге орнатылған төлем қондырғылары жоғалып кетті
Алматыда көлік тұрақтарына орнатылған төлем терминалдары аяқ астынан ұшты-күйлі жоғалып кетті. Мемлекеттің миллиондары жұмсалып, кезінде әкімдік салтанатты түрде таныстырған аппараттардың орны қазір бос тұр. Мақтаулы жоба сол күйі өз-өзін ақтамаса керек. Есесіне қала билігі енді тұрақта ақша алудың жаңа тәсілін қолданып жатыр. Мобильді паркинг жүйесіне бұл жолы қанша қаржының жұмсалатыны белгісіз.
Автор: Ербол Тұрымбет
18.06.2015
Мына паркоматтар Алматы көшелерінде осыдан екі жыл бұрын орнатыла бастаған. Мақтауын асырған жобаға талай миллиондар жұмсалды. Науқаншыл шенеуніктер тіпті ақысын төлемегендерді шетінен жазалағаны есте.
Ал, қазір қыруар қаржыға орнатылған сол аппараттардың орнында ескі жұртындай боп көк шатыры ғана қалған. Төбесіндегі тоқ сымдары үзілген күйі салбырап тұр. Бір қызығы, паркоматты қала билігі орнынан жұлып әкеткенімен, жанындағы мәлімет тақтайшасы ұмыт қалғанға ұқсайды. Соның кесірінен, жүргізушілер тиындарын көшедегі «көлденең көк аттыға «ұстатып жем болып жүр.
Ал әкімдікті ақталмай қалған ақша алаңдатып отырған жоқ. Тағы қыруар қаржы бөліп, тұрақта ақы алудың жаңа жүйесін іске қосып жіберіпті. Паркоматтың орнына енді мобильді паркинг деп аталатын мынадай қолға ұстайтын аппараттар пайда болған. Сағатына 100 теңге қызметкерлер таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін көліктерді қарауылдап тұрады. Құжаттары бар, заңды түрде жұмыс істейміз деп отыр.
Мейіржан Мәтебаев, ақылы тұрақ қызметкері:
-Автокөлік автотұраққа келген кезде біздің жол инспекторлары машинаны тіркеп бірінші чегін береді. Жол жүруіне көмектесеміз және тазалығына жауап береміз.
Ал ғайып болған паркоматтарға қатысты әзірге тиісті орындар түсініктеме берген жоқ. Бір анығы, көлік тұрақтарына орнатылған паркоматтар шығын көлемін ақтай алмаған екен. Аппаратқа барып ақша төлеуге құлықсыз жүргізушілер тым көбейіп кетті деп сылтауратады әкімдіктегілер. Зая кеткен мемлекеттің миллиондары Алматының шенділерінің шымбайына мүлдем батып отырған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!