Атақты Алакөл ернеуінен асып тасқын үйлерге беттеп келеді
Алакөлден төнген қауіп. Шығыс Қазақстандағы демалыс орнының иелері көл жағалауының жақындауынан дөңгелетіп отырған кәсібімізден айырылуымыз мүмкін деп дабыл қағуда. Жыл сайын толқын жерді шайып, жағалауда орналасқан Қабанбай ауылындағы үйлерге де беттеп келеді. Ал жағажайды бекіту ісі бірнеше жыл бұрын қолға алынғанымен, қаражаттың жоқтығынан аяқсыз қалған.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
18.06.2015
Тұзды суы тәнге шипа Алакөлде демалыс науқаны шілденің ортасында қызады. Бірақ қазір де салқын суға сүңгігенді ұнататындар көптеп келуде. Жаз мезгілінде жайбарақат жататын көлдің аласұратын кезін көрген жергілікті жұрт қана беймаза.
-Былтыр ғана мына арада машина жүретін жол болған. Қазір су шайып кеткен.
Толқын жылма-жыл жағалауды шайып, салынған демалыс үйлеріне етене жақындаған.
Жұмагелді Керімханов, Демалыс базасының директоры:
-Жаға тоқтамаса, еңбектің бәрі зая кететін жағдай болып тұр. Мындағы адамдардың көбі тапқан табыстарын көлден айырып отыр. Адамдар азайса, бұлардың да жағдайы қиындайды.
Алакөл басында 100-ден аса демалыс үйі бар. Бүгінге дейін бірнеше ғимарат су астына кетіп үлгерген.
Кезінде жағалаудың мына тұсында 2 қабатты қос ғимарат тұрған. Оның біреуін толқынның әсерінен шайып кеткен. Ал екіншісін демалыс орнының иесі сүріп тастауға мәжбүр болды.
Көлді жиегінен шығармау үшін бірнеше жыл бұрын жоба жасалып, жұмыс та басталған болатын. Алайда 1 ғана бөгет салынып, сол күйі қалып қойған. Енді жағалауды бекітуге қажет кезекті құрылыс жұмысына 4 млрд теңге керек.
Әлібек Сүйіндіков, «Қазгипроводхоз» ӨК инженері:
-30 жылда алсақ, жағамыз 300-500 метрге дейін ұлғайып кеткен, ауылға жақындап. Бастауы өте күрделі мәселе. Тезірек бастаса, құлаған үйлер, демалыс орындары тоқтайды деп ойлаймыз, біз оған сенімдіміз.
Атқамінерлердің айтуынша, қажетті қаржы тек республикалық бюджеттен бөлінуі керек. Өйткен, өз бетімен жұмысты бастауға облыс қазынасының қауқары жетпейді. «Біз тек жұмысшы тауып бере аламыз» дейді жергілікті шенеуніктер.
Қалихан Нұрымбаев, Қабанбай ауылдық аймағының әкімі:
-Оған мемлекет тарапынан қаражат бөлінді деп естідік. Бүгінде құрылысқа қажетті заттардың келгенін көрдік. Біздің тарапымыздан көмек қажет деген жағдайда сол құрылысқа жұмысшы күшін тауып беру, осы ауыл тұрғындарының міндеті деп ойлаймын.
Жағалау биыл да бекітілмесе демалыс орындарының бірсыпырасы су астында қалуы мүмкін. Бір айтары, турбазалармен қатар, Қабанбай ауылы жұртының да баспаналары судың жолында тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!